Ақтөбенің іргесіндегі Ақшат ауылында қолданысқа берілгеніне үш ай ғана болған мектептің іргетасы шөгіп, қабырғасы қақырай бастаған. Тұрғындар білім ордасына балаларын жіберуге қорқатындарын айтып, шағымданды. Тіпті мектепке жол да салынбаған. Оқушылар батпақты кешіп сабаққа баруға мәжбүр. Жақсыбек Кемалдың репортажы.
Ақшат ауылы бір кезде бастауыш мектебі ғана бар шағын елді мекен еді. Қазір кезектегілерге жер беріліп, жаңа құрылыспен толығып үлкейіп келеді. Өткен жылдың сәуір айында 300 балаға шақталған құрылыс басталып, желтоқсанда пайдалануға беріліпті. Қалалық құрылыс бөлімінің дерегінше, оған мемлекет қазынасынан 840 миллион теңге жұмсалған.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Өздеріңіз көріп тұрғандай, білім ордасының ауласының да астан-кестеңі шығып жатыр. Мектеп жыраның үстіне салынғандықтан, осындай жағдай болып отыр дейді тұрғындар. Ал оқушылардың аулаға шығып ойнауына мүмкіндік жоқ.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, күн жылына мектептің жертөлесі суға толып, төбесінен су аққан. Әлеуметтік желіде шағымданған соң ғана, ғимараттың жертөлесі тазартылды деп отыр. Қазір биіктігі метрге жеткен қызыл судың ізі қабырғаларда әлі тұр. Ауылдықтар мектеп салынатын орынның дұрыс таңдалмағанына сенімді.
Жеңіс Жоламанов, ауыл тұрғыны:
Біліп тұрды ғой, жыраның үстіне келіп салып тастады. Ауылдың үлкендерінен сұраса да болатын еді ғой, айтар еді. Кеше бәрі суда қалды. Жолды көрдіңіз ғой, балалар да анадан өте алмай қалды мектепке жырадан. Қорқамыз енді, астында қалып қоя ма деп. Құдай сақтасын, жолы әрі.
Жаңа нысанның іргетасы шөге бастаған. Салдарынан сыртқы қабырғаның бір бөлігі опырылып түсіпті. Ғимараттың ішкі бөліктері де жарылған. Дегенмен аз уақыттың ішінде олқылықтар жөнделіпті.
Нұржамал Байдрахманова, №67 орта мектептің директоры:
Барлық жерге мәселе бойынша қозғап, қызметтік хат жаздық. Қазір қалалық әкімшілік те жұмыстанып жатыр. Бізге қажетті жыра салып береміз деді. Подвал толды. Аула көрініп тұр ғой. Қазір жоқ деп те айта алмаймын. Ол толып кеткен жоқ та, бірақ су болды. Екінші қабатта суағарлар дұрыс істемеуінен су ақты. Бірақ оны қайтадан мердігер компания «Трейдинтерком» жасап беріп жатыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ғимарат ойпатта орналасқандықтан, арнайы суағарлар салынуы керек болған. Алайда мектеп қыс мезгілінде тапсырылғандықтан, оның құрылысы жүргізілмей қалды, деді.
Нұрлан Тұрымов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
Мердігер мекеменің екі жыл кепілдігі бар. Барлық ақауларды жөндейтін болады. Күн жылынысымен, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз.
300
орындық мектепте қазір 143 бала білім алып жүр. Ал қала әкімдігі бірінші
кезекте суағар мен мектепке дейінгі жол салынатынын айтады.
Жақсыбек Кемал