Русский Сайттың толық нұсқасы

Соңғы 5 жылда екпеден бас тартқандар саны 3,5 есе артқан

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2018
  • 2887

Екпеден бас тартушылардың артуы жұқпалы аурулардың таралуына әкеп соғуы мүмкін. Бүгін Оралда өткен «Сау бала - бақыты ана» атты көшпелі семинарда медицина қызметкерлері  осындай қауіп барын айтты.  Мамандар бас тартудың негізі себебін діни көзқараспен байланыстырды. Бұдан бөлек ата-аналардың екпе салдырудан қашуына БАҚ беттеріндегі жарияланымдардың да әсері бар, салдарынан препараттардың сапасына күмәнмен қарайтынындар артып барады.

Еліміз бойынша екпеден бас тартқандардың алғашқы бестігін Ақтөбе облысы бастап тұр. Онда 3 мыңнан астам ата-ана баласына екпе жасатуға қарсы болған. Мұнан кейінгі орында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан өңірі тұр. Денсаулық сақтау министрлігі қоғам денсаулығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева қазір аймақтарда арнайы топтардың жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Олар ата-аналарға барынша түсіндіріп жатыр.

Нұршай Әзімбаева,  ҚР денсаулық сақтау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

Осыдан бес жыл бұрын вакцинациядан бас тартқандар 2-3 мың деп тіркегенбіз. Қазір бұл саны 3- 3,5 есеге өсіп отыр. Еліміз бойынша, өткен жылдың соңындағы мәлімет бойынша, 12700 тіркелген. Барлық ата-аналардың назарын аударғым келеді,  балаларыңыз бен өздеріңіздің жұқпалы кеселдерден сақтайтын жолдан бас тартпаңыздар.