Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда еңбек патенттеріне сұраныс артқан

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2018
  • 2529

Қызылжарда еңбек патентіне сұраныс артып отыр. Екі қолға бір күрек табу үшін жыл басынан бері бұл аймаққа өзге елдерден 500-ге тарта адам келген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға көп. Тәртіп сақшылары мигранттар қатарының артуын, жаңа көші-қон орталығының ашылуымен байланыстырады. Еңбек патенттеріне қай елдің азаматтары қызығушылық танытып отыр? Аймақтағы тілшіміз анықтауға тырысты.

Өзбекстан азаматы Бахром Исраилов 10 жыл бұрын теріскейге қоныс аударған. Түрлі тағамдарды әзірлеу ісінің шебері отбасымен бірге асханада еңбек етеді. Тәжірибелі аспаз 3 айда бір рет көші-қон қызметінде тіркелуге міндетті. Жаңа орталық ашылған соң, құжат рәсімдеу ісі біраз жеңілдей түсті, дейді ол.

Бахром Исраилов, Өзбекстан азаматы:

Бұрын көші-қон қызметінде құжаттарды рәсімдеп болған соң, қала ішінде кассалар мен сақтандыру компанияларын іздеп жүгіретінбіз. Оның барлығы уақыт алды. Ал қазір қызметтер бір жерде шоғырланған. Әрі кетсе бір сағаттың ішінде қажет құжаттардың барлығы қолымызға тиеді.

Полицейлердің айтуынша, тың орталықтың құрылуы мигранттардың заңды түрде жұмыс істеуіне жол ашқан. Тек 3 айдың ішінде көші-қон қызметінде тіркелгендердің саны 30 пайызға артқан. Солтүстік Қазақстан облысына табан тірегендердің басым бөлігі Ресейден, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген.

Рашид Жүсіпбеков, СҚО ІІД көші-қон қызметі орталығының аға инспекторы:

Еңбек патентін алуға биыл 470 өтініш түсті. Былтыр осы кезде 370 қана болатын. Оның көбі құрылысшылар, саябақ қызметкерлері, я болмаса үй шаруашылығында жұмыс істейді. Мигранттардың 70 пайызы ер адамдар, қалғаны әйелдер.

Көші-қон қызметінің жаңа орталығы былтыр желтоқсанда ашылған. Бүгінде мұнда қызметтің 17 түрі көрсетіледі. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Осының арқасында бір адамның құжаты не бары 20 минуттың ішінде рәсімделеді екен.

Мәнсия Қосшығұлова, СҚО ІІД көші-қон қызметі орталығының аға инспекторы:

Осы орталықтың операциялық жайы бірнеше секторға бөлінген: ресепшн, азаматтардың кезегін күту орны және азаматтарды қабылдау секторы. Біздің басқармамен ағымдағы кезеңде 93 828 қызмет көрсетілді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Еңбек патентін алу процесі біраз жеңілдетілсе де, аймақта заңсыз мигранттардың саны азаймай тұр. Жыл басынан бастап өңірде 800 өзге елдің азаматы ұсталған. Оның 60-сы депортацияланды. Қара тізімге енген адамдар 5 жыл Қазақстанға жоламауы тиіс. Бұдан бөлек, 3 айдың ішінде мигранттарды заңсыз түрде жұмысқа алғаны үшін теріскейдің 30 тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылған болатын.

А.Құрманкин