Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстау облысында 9 жастар бала оқыс жағдайда қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2018
  • 2341

Маңғыстау облысында электр сымдарына жақын жерде жүрген 9 жасар бала қайтыс болды. Ойын баласы жерде жатқан сымды қолына ұстаған. Желіні арнайы техникамен қатты тартқан тұста, жасөспірімді екпінімен бірнеше метр жерге ұшырып жібереді. Ата-ана ұлының қазасына электр желілерін тартқан компанияны кінәлап отыр. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қайғылы оқиға Мұнайлы ауданының Дәулет ауылында болды. Эльдар достарымен бірге үйге жақын маңда ойнап жүрген. Дәл осы кезде электр желілерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатқан екен. Жерде жатқан сымды Эльдар қолына ұстағанда, кенеттен сым екі жақтан тартылады, баланы қатты ұшырып жіберіп, қас қағымда мерт болады. Есеңгіреген ата-ана электр кабелін тасымалдайтын компания  бұл аумақты неге қоршауға алмаған деп ашынады.

Несібелі Жиенбаева, әжесі:

10-ға толатын еді. Әже менің туған күнімді жасайсын ғой деді. Иә жасаймын деп жүр едім. Аяқ астынан мынадай болды. Алып келгенде баланың басы быландап отыр. Сөйтіп баламнан айрылып қалып отырмын. Не айтарымды білмей отырмын. 

Электр желілерін салуға тапсырыс беруші «MРЭК» компаниясы болып шықты. Мердігері,«ABC Құрылыс», ал қосалқы мердігер «Alnur ПВ» Павлодар компаниясы екені анықталды. Аталған серіктестіктердің ешбірінен түсінік ала алмадық. Бір анығы электр сымдарын өткізген компания қызметкерлері баланың туыстарынан кешірім сұраған.

Нұрберді Беков, Дәулет селолық округі әкімінің орынбасары:

Мекеменің көліктерін және барлық жұмысшыларынан түсініктеме алынып, қазіргі таңда ол кісілер бос. Бірақ көліктері автотұрақққа жабылды. 

Ал, полиция тау-кен  немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бабымен қылмыстық іс қозғады.

Әйгерім Ибатуллаева, Маңғыстау облысы ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі бастығының м.а.:

Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 277 бабымен электр сымдарын өткізген Павлодарлық «Алмур» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бақилық болған Эльдар Құлбектің жақындары баланың өліміне кінәліні табу үшін істің соңына дейін баруға белді бекем буып отыр. Бұл іске компания кінәлі болған жағдайда, оларға 2000 айлық көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салынады. Сондай ақ, жұмысқа салғырт қараған басшы немесе маман 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Диана Сапарқызы