Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстанда тасқынның кесірінен көпір құлап түсті

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2018
  • 2885

Шығыс Қазақстанда Крестов өзеніндегі көпірдің бір бөлігі опырылып түсті. Төтенше жағдай Зырьян ауданында болды. Апаттың кесірінен сегіз бірдей ауыл аудан орталығына қатынай алмай әуре. Құзырлы органдар қазір табан астынан айналма жол жасап, әбігерге түсіп жатыр.

Көпірдің құлауын «Облысшығысжол» серіктестігінің жұмысшылары өз көздерімен көріпті. Тасқыннан зақымданған жолды жөндеп әуреленген мамандар табан астынан бір қатты дауысты естігендерін айтады. Белгілі болғандай, көпірдің тіреуіштері қақырайып, бетон тақтай қаққа бөлінген екен. 

Александр Штумм, «Облысшығысжол» ЖШС жұмысшысы:

Біз осы маңайдағы жолды қалпына келтіріп жаттық. Көпір алдымен қисайып, кейін құлап түсті. Оқиға сағат 8-дер шамасында болды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Көпір біз жұмысты бітіріп болғаннан кейін қирады. 

Стратегиялық нысан жарты ғасыр бұрын бой көтерген екен. Жуырда тасқын кезінде өзен суы арнасынан асып, көпірдің үстімен аққан көрінеді. Ал жергілікті тұрғындар әу баста оның төзімділігіне алаңдаушылық білдіргендерін айтады.

Виталий Казанцев, Чапаев ауылының тұрғыны:

Бүгін сол жаққа барғым келді. Тұрғындары өте алмайсың деді. Басында сенген жоқпын. Кейін шын мәнінде көпірдің құлағанына көзім жетті. Алапат тасқын кезінде көпірді су басты. Мына тұрған Нива көлігінің қасына дейін су толып тұрды.

Сау тамтығы қалмаған көпір Зырьян елді мекеніне апаратын күре жолдың қақ ортасында орналасқан. Апат салдарынан 8 ауылдың аудан орталығымен қатынасы үзілді. Қырсық шалғанда, топан су айналма жолдарды да шайып кеткен. Ал дала жолдарының жағдайы сын көтермейді, дейді бұқара. Қазір жауапты тұлғалар көпірдің қасынан қосымша жол тұрғызуды қолға алған. Коммуналды кәсіпорындар өзен суын өткізетін ірі құбырларды тастап, үстінен жол төсеп жатыр. Сала мамандарының алдын-ала болжамдары бойынша, опырылған нысан апатты деп танылуы мүмкін. Ескі көпір түгелдей алынып тасталса керек. Ал жаңасын тұрғызу қаншалықты қалтадан қағатыны әзірге белгісіз

Абзал Құрманкин