Русский Сайттың толық нұсқасы

Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік зерттеулерге 3,3 млрд теңге сұрады

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2018
  • 3168

Білім және ғылым министрлігі алдағы үш жылда әлеуметтік зерттеулер жүргізуге 3,3 млрд теңге қаржы сұрап отыр. Салыстырмалы түрде алсақ, үкімет тасқынның зардаптарын жоюға 1,6 млрд теңге бөлген. Сонда білім министрі қыруар ақшаға қандай зерттеулер жүргізіп жатыр және оның шарапатын кімдер көреді? Мәжілісте жиын барысында көтерілген өзге де мәселелерге Дәуренбек Бақдәулетұлы тоқталады. 

Үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы қаралған отырысқа бірнеше министр келді. Алдағы уақытта жүзеге асыратын шараларға қажет қаржысын, мүмкін болса, бекіттіріп алуды қалайды. Ал, мәжілісмендердің ақылына сыймайтын тұстар баршылық. Депутат Наталья Жұмаділдаева үш ауысымды мектептерді айтпағанда, әне-міне құлағалы тұрған апатты білім ошақтары жетерлік. Осы мәселені шешіп алмай жатып, білім министрлігі әлеуметтік зерттеулерге неге мол ақша сұрайды деп таңданысын білдірді.

Наталья Жұмаділдаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сіздерде 3 ауысымды және авариялық мектептер жоқ па? Мұғалімдердің жалақысына қосымша төленетін ақыны да шешіп тастап па едіңіздер? Осы зерттеулерге 460 миллион теңге аз ба сонда?

Алайда реформа жасаудан алдына жан салмайтын Ерлан Сағадиевтің депутаттың сұрағына берер жауабы дайын болып шықты. Қыруар қаржы латын қарпіне көшу жұмыстарын ұйымдастыруға, рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыруға бағытталады деді ол. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Ол неге керек бізге? Біз дамыған 30 елдің қатарына кірдік пе, жоқ па, қай жерде тұр - соның бәрін дұрыстап, халықаралық зерттеу жасап, білу үшін қажет. Үшінші үлкен бағыт - ол "Рухани жаңғыру" жұмыстарын тек түсіндіріп емес, халық қалай түсініп жатыр өзгерістер керек пе, жоқ па, соны бақылап, қоғамдық әлеуметтік зерттеу жасап, орындап отырмыз.

Десе де, Сағадиевтің социологиялық зерттеулерге сұраған ақшасы палата спикерінің сандаған сауалын туғызды. Мысалы, дәл осы құжатта мүгедек жандарға күтім көрсететін тұлғаларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 2,7 млрд теңгені құраған. Ал ІІМ-не биылғы топан судан келген шығынды реттеуге 1,6 млрд теңге беріліп отыр.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бізде әлеуметтік зерттеулер жүйесінде топан судан да қауіпті төтенше жағдай туындап отыр ма? Бұл министрлік әлеуметтік зерттеуге қыруар ақша сұрауды әдетке айналдырып алған ба дерсіз. Былтыр да дәл осындай қаржы сұраған. Алдымен 770 млн теңге сұрайды, нақтылау кезінде тағы 540 млн теңге қосады. Қалайда миллиардтан асыру мақсаты тұр ма әлде?

Нұрлан Нығматулин республикалық бюджетті орындау барысында осындай әлеуметтік зерттеулер мен консалтингтік қызметтерге тереңірек үңілу қажеттігін айтты. Есеп комитетіне ақша бөлуде барынша мұқият болуды тапсырды.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Айта кетейік, қазір елде 45 апаттық жағдайдағы және 127 үш ауысымда оқитын мектеп бар. Үкімет жыл сайын жүздеген жаңа мектеп салғанымен, халық санының артуына орай, ол жетпей жатыр деді білім және ғылым министрі. Ал әлеуметтік зерттеулерге сұралған ақша мәжіліс депуттары тарапынан қолдау тапты. Енді ол сенат қарауына жөнелтіледі.