Русский Сайттың толық нұсқасы

Талғат Ермегияевқа «VIP -камерада» отыруға жағдай жасап берген 16 қызметкер жауапқа тартылып, екеуі жұмыстан қуылған - Бас прокуратура

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2018
  • 3606

"Астана-ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевқа «VIP-камерада» отыруға жағдай жасап берген қылмыстық атқару жүйесінің 16 қызметкері жауапқа тартылып, екеуі жұмыстан қуылған. Прокурорлар түрмеде тағы қандай заңбұзушылықтар анықтады? Дәуренбек Бақдәулет тарқатады. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Жемқорлық фактісімен 14 жылға сотталған Талғат Ермегияев мына ЕЦ166/10 түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Экс-басшы күндізгі уақытта жағдайы барынша жақсартылған камерада отырып, кешке өз камерасына қайтып отырған. Қадағалаушы орган тексерісінен соң, бұл іске қатысы барлар жұмыстан қуылған. Бұл Бас прокуратура өткізген брифингте белгілі болды.

Қайрат Жақыпбаев, ҚР Бас прокуратурасы заңды күшіне енген үкімдер және олардың орындалуын қадағалау қызметінің басшысы:

Бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр. ІІМ-де осы іске қатысы бар деген 16 адам жауапқа тартылып, 2 қызметкер жұмыстан қуылды. Бұл біздің назарда болады, тексеріп отырамыз.

Ал кейбір түрме басшылары жазасын өтеп жатқандарға арнайы қызмет еткен. Мысалы, Тараздағы түрменің режимдік бөлім бастығының орынбасары теміртордың арғы жағындағыларға есірткі тасымалдап отырыпты. Өзге өңірлердегі қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері де заң бұзудан құралақан емес.

Оксана Лоскутова, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

Орал мен Ақмола облысының Аршалы ауданында түрме қызметкерлері 9 ұялы телефон өткізбек болған. Атырауда осы жылдың 19-шы наурызында және 3-ші сәуірінде «Еңбек Атырау» республикалық кәсіпорын қызметкерлері мекеме аумағына екі рет тиым салынған заттарды алып кірмек болған әрекетінің жолы кесілді. Олардан 33 ұялы телефон, Wi-Fi модем және діни әдебиеттер тәркіленді. 

Жақсы динамика да бар. Халықаралық индекс бойынша Қазақстан түрмедегі адамдардың саны жағынан 3-ші орыннан 73-ші орынға түскен. Елде 8 колония жабылды. Ал  бюджеттің 12 млрд теңгесі үнемделген. Жазасын өтеушілер саны 100 мыңнан 35 мыңға азайды.

Дәуренбек Бақдәулет,тілші:

Десе де жазасын өтеп жатқандарды ұрып-соғу тиылмай отырған көрінеді. Осындай қылмыс жасағаны үшін елдің әр өңіріндегі 12 қызметкер жазаға кесіліп, сотталған. Бас бостандығынан айырылғандар арасында ауру да меңдеп тұр. Қазір 756 мүмкіндігі шектеулі және қатерлі ісікке шалдыққан 25 жазасын өтеуші бар. Болашақта оларды мерзімінен бұрын босату жайы да қаралады.