Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжардағы атыс оқиғасына нүкте қойылды

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2018
  • 3087

Қызылжардағы атыс оқиғасына нүкте қойылды. Жанжалдың кесірінен аяғынан айырылған спортшы Ербол Хамитовтың ісіне қатысты айыпталғандарға сот үкім кесті. Жәбірленушіге оқ жаудырды деп сотқа тартылған 5 азаматтың төртеуі бас бостандығынан айырылды. Ал, біреуінің бас бостандығы шектелді. 

Дастан Исмаилов, СҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексіне сәйкес Абдулов 5 жылға, Оразов 6 жылға, Оразаев пен Мұқышев 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылсын. Оразов кәмелеттік жасқа толмағандықтан, жазасын жасөспірімдерге арналған колонияда өтейтін болады. Ал Сүлейменовке 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Еске салайық, былтыр шілде айында қаруланған бір топ жігіт Ербол Хамитовке оқ жаудырып, соққыға жыққан. Артынша ізін суытады. Ауыр жарақат салдарынан дәрігерлер 20 жастағы жігіттің аяғын кесуге мәжбүр болды. Бұзақылар көп ұзамай ұсталды. Іс материалдарына сай, айыпталушылардың көлігінен пышақ, ағаш таяқтар, травматикалық тапанша мен шолақ мылтық табылған. Тергеу мен сараптама  үшін сотталушылар мемлекетке 2 миллион теңге, моральдық өтемақы ретінде жәбірленушіге 4 миллионнан астам теңге төлеуге міндеттелді.  Ербол Хамитовтың туыстары  үкіммен келіспейді. Мүгедек болып қалған жігіт биомеханикалық протез орнатуды жоспарлап, сотталғандардан 10 миллион талап еткен.

Ғалия Алпысбаева, жәбірленушінің анасы:

Балам спортпен шұғылданғысы келеді. Ал бізге беретін қаражат жақсы протезге жетпейді. Соттың айыпталушыларға берген мерзімі де көңілімізден шықпай отыр. Үкімді тым жұмсартып жіберген көрінеді. Мен бұл шешімді апелляция беремін.