Отан қорғаушылар күніне арналған жауынгерлік шеруге қызу дайындық жүріп жатыр. Онда ең үздік деген 3000-ға жуық сарбаз өз шеберліктерін көрсетеді. Осылайша, атаулы күні арнайы іріктелген əскери құрам қарулы күштеріміздің қауқарын паш етпек. Отар əскери базасында өтетін мерекелі іс-шара қандай көріністерімен ерекшеленбек? Әріптесім Олжас Нұржақып сарбаздар шеруіндегі жаттығу жоспарларымен танысып қайтты.
Таң атысымен әскери базадағы тыныштық қарбалас қимылға ауысады. Сағат тілі 9-ға жеткенде басталатын жоспарлы жаттығулар қара кешке дейін жалғасады. Барлығы бір жерде емес, үш нүктеге бөлінген. Мәселен, танктер мен өзге де ауыр техникалар Мəтібұлақ полигонына жиналыпты.
Бекжан Мұхтар, аға лейтенант:
Десанттық шабуылдау күштері тек қана пикаптарды алып келген жоқ. Олардың СИ-295 ұшағынан парашюттан секіреді 800-1000 метрден. Зениттік установкалардан атады. Терминатор дейді ғой боевая машина поддержка танков соның жеке құрамы бар. Ол кісілердің міндеттері əскердің күштілігін, абыройлығын көрсету.
Тұрдалы Тұрғынбаев, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшысының орынбасары:
Экипаждар өздерінің шеберлігін көрсетіп жатыр атыс жағынан. Шамамен 200дей техника қатысады. Сарбаздардың саны 2,5 - 3 мыңға жақын.
Ал, артиллериялық атқыштар, "смерч", "прима", тағы да басқа бронды техникаларды жоюға арналған зымырандар жоғарғы жазықта тұр. Үшінші құрам салтанатты шеру өтетін орынға орналасқан. Бітімгерлік жасақ сарбаздары ту көтеріп ұрандатса, көкте əуе күштері қолдау көрсетуде.
Əділбек Алдабергенов, Қазақстан Қарулы күштері бас штабы басшысының орынбасары:
Негізгі дайындық жұмыстары үш полигонда жүріп жатыр Яғни тактикалық, жаяу жасақ пен əуе күштері, техникалар бəрі бөлінген. Әрқайсысын жеке-жеке жаттықтыруымыз керек. Толық дайын болғанда бүтін бір құрам ретінде біріктіріп Гвардейский полигонында дайындықты жалғастырамыз.1 мамырда толық дайын боламыз деген жоспар бар.
Бір ай бұрын басталған жаттығу бағдарламасы тек салтанатты шерумен ғана өтпейді. Әскердегі жабдықталған қару-жарақ пен техниканың іс жүзінде қолданылуын да қамтымақ. Яғни, жасырынған жау əскерін жою көрінісі арқылы. Бүгінгі іс-əрекетті тік ұшақпен жеткізілген жаяу əскер бастады. Бір тізбекпен шеп құрған жауынгерлер оқ жаудырып, жақындап келеді.
Олжас Нұржақып, тілші:
Жау əскерін талқандауға десанттық əуе күштерінің де көмекке келгендігін көруге болады. Парашютпен 1000 метр биіктіктен секірген сарбаздар жерге түсісімен бірден шабуылға көшті. Осылайша оларда қарсыластың қарқынын қыса түспек.
Үсті-үстіне үдеген соққы абдыраған жаудың жеңілісімен аяқталады. Бір күндік жаттығудың жүйесі осылай жүріп жатқанымен сəуір айының 25-нен үш полигонға шашылған сарбаздар бір нүктеде дайындығын ары қарай шыңдай түспек. Ал мереке күні кəсіби шеберліктері мен əскери əлеуетіміздің мүмкіндігін танытуға сақадай сай боламыз деп отыр. Айта кетейік, егемен ел болғалы дəл осындай жауынгерлік шеру Отар əскери базасында екінші рет өткізілмек.
Олжас Нұржақып