Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл өңірінде газ саласының еңбеккерлері арасында «Үздік маман» байқауы өтті

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2018
  • 3287

Жамбыл өңірінде газ саласының еңбеккерлері арасында ерекше сайыс өтті. Екі күнге созылған «Үздік маман» байқауына республикамыздың 3 өңірінен 22 қызметкер қатысты. Дәстүрлі түрде өтетін кәсіби шеберлік конкурсының мақсаты - мықтыларды анықтау, олардың шеберлігін шыңдау. Тартысқа толы жарыс жайлы Данияр Әлімқұлдың репортажы.

Кәсіби шеберлік сынасу орны ретінде биыл Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» жер асты газ сақтау қоймасы таңдап алыныпты. «Интергаз Орталық Азия» АҚ бастамашы болған кәсіби конкурс 15 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұл жолы байқауға «Тараз», «Шымкент» және «Ақтөбе» магистральды газ құбырлары басқармаларының командалары қатысты. Олар көгілдір отынды жер астында сақтау бойынша 200-ге тарта қызмет түрін теориялық және тәжірибе жүзінде көрсетті. 

Мұқатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

Айта кету керек, жер асты газ сақтау қоймаларындағы тереңдік 400 метрден басталады. Ең шыңырау орындар 1200 метр тереңдікке дейін барады. Сондықтан бұны басқару да жеңіл емес. Мысалы, бірінші орын алғандар жыл бойына ақшалай премия алып отырады. Екінші орын алғандардың да өз пайызы бар, олар 12 ай өз табысына қосымша ақша алып отырады. 

Сынақ алдымен тестілеуден басталып, дала жұмыстарымен жалғасты. Газ қорын жер астына жөнелтудің әдіс-тәсілдері де жан-жақты көрсетілді. Жарыс жеңімпаздары 4 номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Газ өндіру операторы», «Бұрғылаушы», «Бұрғылаушының көмекшісі» және «Ұңғымаларды зерттеу операторы» аталымдарымен үздіктер анықталды. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан Жарылқасым Әбілқасымов бұрғылаушылар ішіндегі ең кәсиби маман атанды.

Жарылқасым Әбілқасымов, бұрғылаушы:

Қиындау болды. Сонда да бүгін міне, өз біліміммен және мына үйреткен әріптестерімнің арқасында бірінші орын алып отырмын. Біріншіден айтатыным, мына жарысты ұйымдастырушыларға, жоғарыдағы басшыларымызға рақмет.

Осы жолғы жарыс жеңімпаздары енді тамызда өтетін ақтық сайысқа жіберілмек. Жарыс Атырау облысында. Онда 100-ге жуық маман қатысады. «Көгілдір отын тұтынып отырған 8 млн қазақстандықтың үйіне жылу мен шаттық сыйлап отырған газ мамандарының білігі де шеберлігі де жоғары болуға тиіс», - дейді қазтрансгаздықтар.  

Данияр Әлімқұл