Русский Сайттың толық нұсқасы

"Нұр Отан" партиясының бастамасымен 1000 тегін IT-сынып ашылмақ

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2018
  • 3453

Елде 1000 тегін IT-класс ашылмақ. Оған 8-16 жас аралығындағы оқушылар қатыса алады. Жыл сайын 150 мың бала бағдарламалау мен робототехниканың қыр-сырын үйренбек. Жобаның бастамашысы - "Нұр Отан" партиясы.

Үш жылдық жоба "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында жүргізілмек. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мұны партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты.

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Мұндай сыныптарды құру, қажетті құрал-жабдықтар, компьютер алу, оқытушыларды қаржыландыру жағын "Туған жер" бағдарламасы аясында бизнес қоғамдастық іске асырмақ. Белсенді адамдардың көмегімен 1000 сынып ашамыз деп ойлаймыз. Кәсіпкерлерді де осындай айти-сыныптар ашуға шақырамыз. Ал білім алған жастардың ішінен Қазақстанға және халықаралық нарыққа қажетті бірегей өнім шығаратын мамандар шығады деп үміттенеміз.

Сыныпты бітіргендер білімін ұштай алады. Ол үшін облыс орталықтары мен ірі қалаларда 20 айти орталық ашылмақ. Жыл сайын 35 мың адам білім алады. Партия "Атамекен" палатасы мен Үкіметпен бірлесе отырып тағы бірнеше жобаны қолға алған. Бұдан былай сатуға және жалға берілетін жерлер туралы, олардың құны мен аумағы жөнінде онлайн-қызмет көрсетілмек. Ол саладағы жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жасалып отыр. Ауыл жастары бәсекеге қабілетті болуы үшін ағылшын тілі оқытылмақ. Тіпті оған шетелден еріктілер тартылуы мүмкін. Онлайн-кітапханалар ашылып,  кітаптар көпшілікке қолжетімді болады. Кітапханалар тартымды болу үшін заманауи орталықтарға айналмақ. Мектептегі тамақтандыру тәртібі мен сапасы да өзгереді. 

Абылай Мырзахметов, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

Мектептегі тамақтандыру мемлекеттік сатып алулар жүйесінен шығарылды. Сондықтан бағдарламаны іске асыруға болады. Тамақтандырумен айналысып келген  компаниялар ортақ талаптарға сай жеткізіп, зертханалар орнатылып, сапаға нақты талаптар болады. Бірі бутерброд, бірі сүт өнімдерін реестр арқылы жеткізетін болса, комбинаттың бірыңғай орталығынан таратылады.