Ақтөбе облысында тас жол бойындағы көліктерге қарақшылық шабуыл жасап, оқ атқандар әлі ұсталған жоқ. Бұл жөнінде облыстық Ішкі істер департаментінің өкілдері мәлімдеді. Аз уақыттың ішінде бір біріне ұқсас екі жағдай тіркелген еді. 6-ыншы сәуірде Ресейден Қырғызстанға бет алған шағын автобусқа оқ атылып, бір жолаушы ауыр жараланған. Арада екі апта өткенде Орынбор-Ақтөбе тас жолының бойында 52 жастағы жүргізушінің мәйіті табылды.
Қазір алыс сапарға шығатын көлік жүргізушілері бұл аумақпен өтуге қорқып қалған. Себебі осы айдың өзінде жол бойындағы көліктерге екі рет қарақшылық шабуыл жасалды. Екі апта бұрын Ресей азаматы ауыр жараланса, бірер күн бұрын басына оқ тиген Ақтөбе тұрғыны қаза тапқан.
Қайтыс болған азаматтың туыстары ешкіммен тілдескісі жоқ. Қарақшылар жүргізушінің ақшасы мен құжатын алып кеткен. Бұл оқиғаға байланысты «адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Арман Мұхамедияров, облыстық ІІД криминалды полиция басқармасының бастығы:
Екі аса ауыр қылмыс жасалғандықтан, рейдтік шараларды қолға алдық. Жергілікті полиция қызметі қаруы бар тұрғындарды тексеріп жатыр. Соңғы бес жыл ішінде жоғалған және ұрланған қарулар туралы мәліметтерді қайта көтеріп жатырмыз.
Автокөлік жүргізушілері облыс аумағымен өтетін халықаралық автожолмен жүру қауіпті дейді. Өзбекстандық Шамил Уразманов жүк көлігімен Ресейге жиі қатынайды. Ол соңғы жаңалықтарды естіген соң Ақтөбе аумағынан түнде өтуге жүрексініп қалған.
Шамил Уразманов, жүргізуші:
Енді бұл жермен тек күндіз өтеміз. Түнде аяқ баспаймыз. Жүргеннің өзінде тоқтамайтын боламын. Арнайы тұрақтарға аялдау қауіпсіз деп ойлаймын.
Полиция болса, ресейлік әріптестерімен бірге жұмыс істеліп жатқанын айтты. Тергеуге байланысты кей мәліметтер құпия деді. Екі көлікке де оқ атқандар ұсталмағанын жеткізді.
Болат Күшқалиев, облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы:
Қалған мәліметті біз тергеу құпиясы бойынша 201-інші, ҚР ҚК 201-інші бабына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты айта алмаймыз. Тергеліп жатыр. Облыстық ІІД, прокуратура бақылауына алынды.
Полицейлердің сөзінше, жол бойындағы көліктерге екі мәрте қарақшылық шабуыл жасау дерегі бұған дейін тіркелмеген. Қазір облыстағы тас жолдарда патрульдік қызмет күшейтілді. Құқық қорғаушылар «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» деп сендіреді.
Жақсыбек
КЕМАЛ