Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ армиясының қатары 19 генералға толықты

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2018
  • 2823

Қазақ армиясының қатары 19 генералға толықты. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилерге шен тапсырды. Дәстүр бойынша Ақордада өткен салтанатты шарада генерал шенінен бөлек, әскерилер "Даңқ", "Айбын", "Құрмет", "Ерлігі үшін" орден-медальдармен марапатталды. Оның ішінде екі баланы өрттен құтқарған алматылық сарбаз Ғалымжан Әлеуханов, қарағандылық Виталий Калмыков бар. Олар Президент қолынан "Ерлігі үшін" медалін тақты. Ер азаматтар арасында бүгін марапат алған жалғыз әйел - Эльмира Омарова. Жемқорлықпен күрес агенттігі басқарма басшысының орынбасары "Құрмет" орденін тақты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

74 жыл совет одағының астында болғанда қай адамға генерал тапсырылды? Бүгін бір күннің ішінде 22 атақ берейін деп отырмын. Тәуелсіздік алаңында елдің әскерін басқаратын генерал іздеп, жалғыз Нұрмағанбетовты тапқан едім. Естеріңен шығырмаңдар осыны. Ел болған соң, тәуелсіз Қазақстан болған соң, өз Бас қолбасшыларың өз қолынан сендерге осындай атақ береді.

"Баһадүр бабалардың ерен еңбегін егемен елдің ерлері лайықты жалғастыруда деп айтуға болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал әскерилер "Рухани жаңғыруға" да атсалысып жатқандарын айтты.

Мұхаметқали Сатов, ҚР Ұлттық Ұлан қолбасшысының орынбасары:

"Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттау бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа форматтағы жұмыстарды қолға алдық. Соның бірі - "Елбасы" сабағы. Онда жастарға сіздің өмір жолыңыз, идеяңыз туралы жеткіземіз. Шын мәнінде бізде "Мәңгілік ел" идеясын іске асыратын мықты жастар өсіп келе жатыр.