Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да бала ұрлаған күдікті тағы бір бүлдіршінді ұрлағанын мойындады

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2016
  • 1893

Оңтүстікте табылған 6 жасар сәбиді алып кеткен күдіктінің тағы бір адам ұрлығына қатысы бар. Бұл ақпарды ішкі істер департаментінің өкілі хабарлады. Ордабасы ауданының кішкентай тұрғыны Мұхаммед Қамшыбектің аман-сау табылғанын кешегі жаңалықтарымызда айтқанбыз. Баланы ұрлаған кім? Мақсаты не? Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті ұрлаған әйелдің баланы қайтару қаперінде болмаған. Арыс қаласы тұрғыны іздеуде жүрген балақайды танып, тиісті орындарға хабарлаған соң, күдікті қолға түскен. Ішкі істер департаменті өкілінің айтуынша, ол қылмысын мойындады. 2013 жылы алты жасар қыз баланың жоғалуына да осы күдіктінің қатысы бар, - дейді полицейлер.

Кенжебек Оңдасынов, ОҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Бұл қылмыс осы уақытқа дейін ашылмай тұрған. Ұрлап әкеткенін осы азаматша, кешегі ұсталып отырған азаматшаны біз осы уақытқа дейін анықтай алмадық. Енді бұл кеше ұсталып, мойындап отыр екі қылмысты да. Бұл енді аса ауыр қылмыс. ҚР ҚК 125 бабы «Адам ұрлау» дерегі.

2013 жылдың қазанында мектептен шыққан алты жасар Нұрай Өмірәліні бөгде әйел алдап алып кеткен. Сәтін салғанда, араға он күн салып, кішкентай қыз қала сыртындағы көшелердің бірінен табылды. Мұхаммедті ұрлау сценарийі де дәл солай. Полицейлердің айтуынша, уақытша ұстау абақтысында отырған әйелдің өз перзенттері бар.

Кенжебек Оңдасынов, ОҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Күдікті бұрын істі болмаған. Ақыл-есі дұрыс. Ешқандай психо-наркодиспансерде есепте тұрмайды. Нұрай Өмірәліні де, кешегі Қамшыбек Мұхаммедті де не  үшін ұрлап кеткені, не себеппен ұрлағаны бойынша тергеу амалдары қазір жүргізіліп жатыр. Анық-қанығына жетеміз.

Мұхаммедтің анасы болса, ұлын көзінен таса қылмауға тырысып жүр. Сәбидің өзі сол күні алдынан шыққан апаға алданып қалған.

-Не деп әкетті? -Анаңның әпшесімін деп алдап әкетті.  -Мұхаммед, ол үйде кім бар екен? Бөпелері бар ма екен?
-Атасы мен апасы.

Жанна Ағабекова, Мұхаммед Қамшыбектің анасы:

«Жүр, мен саған Темірланнан дәрі алып беріп жіберем, қайтарам», солай деп бұны алдаған. Мен сеніп қалдым соған, дейді балам. Сеніп кете бердім артынан дейді. Сөйтіп бізді сол үйіне апарды дейді. Мені ұрған жоқ, соққан жоқ, деп отыр балам.

Бүгін Мұхаммедті анасы аудандық ауруханаға  алып келді. Баланы кешенді түрде тексерген дәрігерлер денсаулығы қалыпты деп отыр.

Базарбай Ахметов, Ордабасы ауданаралық сот-медициналық сараптама бөлімінің жетекшісі:

Жалпы ағзаларының жұмыс қабілеті, жұмысы дұрыс. Ешқандай өзгерістер жоқ. Баланың ұйқысы да, болған оқиғаны өзінің жасына сай айтып отырды. Қазіргі таңда оның  денсаулығы өте қалыпты, жақсы. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

«Адам ұрлау»  фактісі бойынша тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бір емес, екі бірдей адамды ұрлады деп айыпталған күдікті, қылмысы дәлелденсе, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Сондай-ақ,  Мұхаммедті ұрлаған азаматшаның күйеуі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ол үйінде бөтен баланың жүргенін біле тұра, тиісті орындарға хабарламаған. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ