Русский Сайттың толық нұсқасы

Орал тұрғындары 3 күннен бері судан тарығып отыр

  • AstanaTV
  • 02 мамыр 2018
  • 4866

Орал тұрғындары 3 күннен бері судан тарығып отыр. Қазір ықшамаудандарда тіршілік нәрі тек сағатпен берілуде. Қаладағы шайынды су ағатын кәріз құбыры жарылған. Жөндеу жұмыстарының қашан аяқталары белгісіз. Мамандар мұны ақау шыққан құбырдың тым тереңде жатқандығымен байланыстырады.Толығырақ аймақтағы әріптесім Еркін Карин баяндайды.

Тұрғындар су алу үшін осылай кезекке тұруға мәжбүр. Қазір 70 мыңдай адам тұратын жеті ықшамауданға су күніне екі мезгіл белгілі бір уақытта беріледі. Мектептер мен балабақшалар да солай. Бас-аяғы екі сағаттың ішінде халық су алып үлгіруі тиіс. Үлгірмесе, мынадай дүңгіршектерден сатып алып ішуге мәжбүр.

Алма Орал, қаласының тұрғыны:

Үш күн болды, су жоқ. Не жуына алмайсың, не тамақ пісіре алмайсың. Не қонағыңды шақыра алмайсың. Судың ақшасын бәрін төлеп отырмыз. Енді қашан береді екен?

Істен шыққан коллектор 2008 жылы жаңадан салынған көрінеді. Әйнек пластик құбырдың диаметрі 1 метр болса да, топырақтың салмағына шыдас бермеген сияқты, - дейді суға жауаптылар. Ауыз су тоқтатылғасын, пайдаланылған шайынды судың мөлшері де азайып отыр. Осыны пайдаланған мамандар жарылған құбырды қазып бастаса да, әлі жете алмай жатқандарын айтты.

Нұр Төлеуғалиев, «Батыс су арнасы» ЖШС директоры:

Канализациялық құбыр тым тереңде орналасқан. Сондықтан қашан жөндеп бітетінімізді нақты айта алмаймын. Жұмысшыларымыз екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Қазір жағдай тұрақталайын деді. Қаланың орталық аудандарына су біртіндеп беріле бастады.

Еркін Карин, тілші:

Апат болған жерден ұзындығы 50 метр, ал ені 6 метр болатын шұңқыр қазылған. Мамандар арнайы техниканың көмегімен 8 метр тереңдіктегі жарылған құбырды шығармақ болғанымен, қазір жұмыс тоқтап тұр. Өйткені жерден шығарылған лас балшықты қайда төгерін білмей жатыр.

«Батыс су арнасы» мекемесі бұл мәселенің шешімін тапқандарын айтты. Қазылған топырақ аталған мекеменің шайынды су ағатын стансасына жеткізіледі деді. Кәсіпорын өкілдері тұрғындарға түсіністік танытуды сұрап отын. Ал келген шығын көлемі әлі есептеліп жатыр.