«Қаламыз қоқыс алаңына айналып барады!». Ақтөбеліктер осылай деп шағым айтты. Қала тұрғындарының айтуынша, күл-қоқыс екі аптадан бері шығарылмапты. Оған тазалыққа жауапты мекеменің жұмысын тоқтатуы себеп болған көрінеді. Дегенмен қала әкімдігінің өкілдері мәселені тез арада шешеміз деп уәде беріп отыр. Жақсыбек Кемал мән-жайды білді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір Ақтөбенің аулаларынан дәл осындай көріністі байқауға болады. Екі-үш апта алынбаған қоқыс тау болып үйіліп жатыр. Тұрғындар енді өздері мен балаларының денсаулығына алаңдап отырғандарын айтады.
Жағдай әсіресе, көп қабатты үйлердің аулаларында қиын. Тұрғындар «балаларымызды далаға шығарып, ойнатудан қалдық», - дейді. Күн жылынғалы жағымсыз иіс терезе ашуға да мүмкіндік бермей жатқан көрінеді.
Ерік Елдин, қала тұрғыны:
Неше апта болды. Әлі алмай жатыр. «Ақжолды» жауып тастады дейді. Жаңа мекеме ашылды деп жатыр, ол әлі жоқ енді... Қаншама қоқыс, неше түрлі қоқыс бар ғой. Ол иіс шығады. Сосын уақ балалар ойнап жатады аулада. Бәрі зиян ғой оның.
Қаланың қоқысқа толуына тазалықпен айналысатын екі серіктестіктің бірінің жұмысын тоқтатуы себеп болған. Ол мекеме жұмысына тұрғындардан шағым көп түсіпті. Қазір қала тазалығына жаңадан онға жуық серіктестік тартылып жатыр деді билік өкілдері.
Әлібек Серікбаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Қазір ол мекемелердің құжаттары рәсімделіп, келісім-шарт жасалып жатыр. Дегенмен олар қазірдің өзінде қоқыс шығаруға кірісіп кетті. Енді қала бойынша мұндай қиындық тумайды деп ойлаймыз.
Алайда 20 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан серіктестіктің өз уәжі бар. Яғни, олар қала басшылығынан тарифті көтеруді сұраған. Өйткені қоқыс полигонына берешегі 5 миллион теңгеге жетті деді. Оның үстіне арнайы көліктер 4 жылдан бері жаңартылмапты. Сұраныстары қанағаттандырылмаған серіктестік амалсыз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғандары айтады.
Руслан Жылқаманов, компания заңгері:
Бір үйде 5-6, он адам тұруы мүмкін. Адамдар 1 адам үшін, екі адам үшін төлейді. Қоқысты біз полигонға апарып тапсырсақ, уже өз қалтамыздан ақша төлейміз салмағына қарай. Сосын үшінші себеп - қазір есепшотымыз қамауда, арест қойды полигон қожайыны - «Ақтөбе таза қала» компаниясы. Сол себептен біз қаражатты былай-былай төлей алмаймыз. Сондай қиындықтар болып қалды.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қала қоқыстан 1-2 күн ішінде толық тазарып, жағдай қалыпқа түседі. Айта кетелік, қазір ақтөбеліктер шығарылған қоқыс үшін адам басына 100 теңгеден төлейді. Бұл тариф жуық арада өсе ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.