Русский Сайттың толық нұсқасы

Мамыр басталса да, бірқатар аймақтарында жылу маусымы аяқталған жоқ

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2018
  • 2915

Жылу маусымы қашан аяқталады? Бірқатар аймақ тұрғындарын осы сұрақ мазалай бастады. Күн жылынғалы үйлері ысып кеткен тұрғандар коммуналдық шығын да арта ма деп алаңдайды. Ал жауапты мамандар алда аязды күндер бар екенін ескертеді. Ауа райы қашан тұрақталады? Жылу қашан өшіріледі? Тілшілеріміз сұрақтарға жауап іздеп көрді. Қазір қызылжарлық тілшіміз Абзал Құрманкин байланыста.

Абзал Құрманкин, тілші:

Рақмет, Ләйлә, Қызылжарда жылу маусымы жыл сайын мамырдың бірінде тоқтатылатын. Бірақ қалалық жылу орталығы əлеуметтік нысандар мен мыңнан астам тұрғын үйді əлі күнге дейін жылумен қамтып отыр. Жергілікті атқамінерлер бұны күн райының құбылуымен байланыстырады.

Түс ауа күн жылынғанымен, түнгі уақытта сынап бағанасы минустан асып түседі, дейді олар. Ал ортақ ережеге сай, жылуды айыру үшін 3 күн қатарынан тəуліктің орташа температурасы 10 градустан жоғары болуы тиіс. Қазір жылу орталығы батареяны қайнатпай, судың температурасын біраз бəсеңдеткен көрінеді. Қыстың аязды күндері олар жылуды 90 градусқа дейін көтерсе, бүгінде бұл көрсеткіш 50-60 градусқа дейін төмендеген. Қазір билік өкілдері ауа райын бағып отыр. Олардың айтуынша, аптаның аяғында күн күрт суытуы мүмкін.

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы əкімінің кеңесшісі:

Демалыс күндері қар жауып, ауа райы -7-ге дейін түсуі мүмкін. Біз мамырдың 5-сі күні "Петропавл жылу жүйелері" серіктестігінің бас инженері Захарьяновпен хабарласып, жылыту маусымын талқылаймыз. Айта кетейін, қазір жылу есептегіш құрылғыларын орнатқан тұрғын үйлер рақаттанып жатыр. Себебі олардың жылуды бəсеңдетіп, ақшаны үнемдейтін мүмкіндіктері бар.

Жылыту маусымы елдің шығысында да созылды. Әдетте қазанда басталып, сәуірдің ортасында бітетін науқан биыл 8 ай үздіксіз жалғасқан. Тұрғын үйлерде жылу бірер күнде ағытылған. Бірақ әлеуметтік нысандар жылудан ажыратылмаған. Қазір жұртты коммуналдық төлемді қайта есептеу жайы алаңдатып отыр.

Қайрат Оралбеков, ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Бізде демалыс күндері өткен соң, жылыту маусымына қатысты жиналыс өтеді. Отырыс барысында жауапты компаниялармен бірге тарифті қайта есептеу мәселесі шешіледі.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жалпы, Шығыс Қазақстан аймағының тұрғындары биыл 1 миллион тоннадан астам көмір жаққан. Ал жылумен қамту орталықтары шикізатты бұдан екі есе көп тұтыныпты. Диана, Астанада да жылу беру тоқтатылмапты. Ол қашанға дейін созылмақ?

Диана Сапарқызы, тілші:

Рақмет, Абзал. Астанада жылу маусымы 9 мамырға дейін жалғасатыны белгілі болды. Мұны әкімдік өкілдері айтты. Синоптиктер солтүстіктегідей күн суытатынын хабарлаған. Сондықтан күн жылынғанша жылу беру маусымын созуға шешім қабылдаған. 

Ербол Төлеев, Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

Қала мәслихатының қабылданған шешіміне сәйкес, қысқы жылу маусымына өту  ережесіне сәйкес, бұл ауа райы тұрақтану керек. Ол не деген, +10  5 тәулік бойы тұрақтану керек.

Жылу маусымының созылғаны тұрғындар қалтасына да салмақ түсірмек. Бірақ «Астана теплотранзит» компаниясы жаңадан бой көтерген үй тұрғындары жылуды реттей алатынын айтып отыр. 

Василий Курисько, "Астана-Теплотранзит"АҚ басқарма төрағасы:

Қала әкімінің қатысуымен болған жиналыста, барлық жылу тораптарын автоматтандырылған блокқа айналдыру туралы айтылған болатын. Бұл жүйе жылыту маусымында да адамдарға ыңғайлы. Біз энергия тасымалдаушы ретінде, жылу беру маусымы аяқталмайынша, оны өшіре алмаймыз. Медициналық, білім беру мекемелері басқа санатқа жатады. Оларға қатысты шешім дербес қабылданады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Астанада 9 мамырдан соң күн жылынбақ. Жылу ауа температурасы тұрақталған кезде өшіріледі.

Диана Сапарқызы  Абзал Құрманкин