Басында баспанасы бар тұрғындар "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасына қатыса алмайды. Сондай-ақ, ипотекалық несие бастапқыда тек жаңа салынған үйлердегі пәтерлерге беріледі. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев осылай деп мәлімдеді. Бүгін Сенатта елдегі банк секторының рөлі туралы арнайы тыңдау өтті. Палата өкілдері қаржылық институттарды жөнге салу үшін, кейбір әрекеттерге қатаң тиым салатын заң қабылдауға шақырды. Мөлдір Бақытқызы тақырыпты тарқатады.
Соңғы кезде сыннан көз ашпайтын һәм сенімнен шыға бастаған банктерге енді қатаң тиым салынады. Сенат төрағасы банк қожайындары мен оларға қатысы бар тұлғаларды несиелеуді қатайту керек деді. Ал Ұлттық банк басшысының сөзінше, соңғы 4 жылда ортаңқол банктердің несиелеу көрсеткіші 900 есеге артқан. Бірақ мұның экономикаға әсері жоқ. Өйткені олар өз қожайындары мен таныстарына несиені оңды-солды берген. Қаражатты квазимемлекеттік сектордан тартқан. Кейбір банктерде портфелінің 80 пайызы мемлекеттің ақшасы көрінеді. Қазынадан алып оны қожайынға өткізген. Кейін оны қайтпаған кредит есебіне жатқыза салған. Сосын қайта бюджеттен көмек сұрайды. Қып-қызыл қаржылық құйтырқұлық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Екінші деңгейдегі банктердің иелері мен акционерлерінің жауапкершілігін арттырып, банк акционерлеріне және олармен байланысы бар тұлғаларға несие беруге заңмен шектеу қою керек. Бұл өз кезегінде банк активтерін шығарып әкетуге тосқауыл қоятын болады.
Биылдан бастап банктерді сауықтыру бағдарламасы тоқтайды. Оларға бюджеттен бір тиын да бөлінбейді деген. Былтыр 3 трлн теңге кетті. Ол 15 жылда қайтуы тиіс. Дегенмен, бүгін Ақышев Зейнетақы қорынан 200 млрд теңге банктердің құнды қағазын сатып алуға бөлінгенін айтты. Оны қорды басқаратын ұлттық комиссия шешіп қойған.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Мен бұл қаржыны қандай банктер алатынын айтпадым. Кімдер алатыны көрсеткішке байланысты. Оны қоғамға таныстырып, бірге талқылаймыз. Әркім қай банк құнды қағаз сатып алуға үмітті екенін көріп біле алады.
Бас банкир "7-20-25" бағдарламасы туралы да халықты құлағдар етті. Оған 10 шақты банк тартылады. Үміткер тиісті пәтерді таңдап, банкке барады. Баспанасы бар адамдар бағдарламаға қатыспайды. Астана, Алматы, Ақтау, Атырауда 25 млн-ға дейін беріледі. Өзге шаһарларда 15 млн - шекті сома. Айтуынша, ипотека тамызда беріле бастайды.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Бастапқыда жаңа үйге ғана ипотека беріледі деп отырмыз. Және үміткердің меншігінде үйі болмауы тиіс.
Соңғы
кездері жағымсыз жағдайға тап болған "Астана Банкінде" тұтынушылар
салымының 99 пайызы мемлекетпен сақтандырылған. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, - деді Ақышев. Яғни бәрінің дерлік депозиттері 10 млн-нан аспайды.