Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде тележүргізуші қаза тапқан үйдегі барлық жеделсатының жұмысы тоқтатылды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2018
  • 3099

Ақтөбеде көпқабатты үйдегі лифтте адам өлімі орын алған оқиғадан соң бұл баспанадағы барлық жеделсатының жұмысы тоқтатылды. 4 лифт те шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Бұл жөнінде арнайы құрылған сараптау комиссиясының мүшесі Бақытжан Книсарин айтты. Шахардағы жеделсатылардың жағдайы сын көтермейді. Олардың ішінде қызмет көрсету уақыты аяқталған құрылғылар жетіп артылады. Әріптесім Жақсыбек Кемал тақырыпты тарқатады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Комиссия мүшелері айға жуық ақтөбедегі барлық жеделсатыларды тексерген. Олар үш топқа бөлініп, көп қабатты үйлерді түгел  аралап шығыпты. Мамандар әр жеделсатының құжаты мен техникалық жарамдылығын назарға алған.

Қазір қаладағы көп қабатты үйлерде 700 шамасында жеделсаты болса, оның 280-інің жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткені белгілі болып отыр. Оның үстіне барлығының да техникалық құжаттары болмай шыққан. Ал 30 жеделсатының  жұмысы біржола тоқтатылды.

Жеделсатыларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын мекеме басшысы Бақытжан Книсариннің айтуынша, бір жеделсатыны ауыстыруға шамамен 8- 8 жарым миллион теңге қажет. Ал ескілерін тұрғындардың өздері де жөндете алады. Оған 50 мен 500 мың теңге аралығында қаржы болса болғаны, - деді.

Бақытжан Книсарин, тексеру комиссиясының сарапшысы:

Жеделсатыларда құжаттары жоқ, паспорттары жоқ. Техникалық сараптамасы 10-12 жылдан бері өткізілмеген. 50 пайызын ауыстыру керек деп ойлаймын. Ал тағы 50 пайызын 1-2 жылға әлі де созуға болады. Енді кейбір жеделсатының қалпы жаман емес деп есептеймін.

Сәуірдің басында жергілікті телеарна қызметкері жеделсатыға қысылып қаза тапқанын хабарлаған едік. Осы қайғылы оқиғана соң жаппай тексеріс басталған. Қазір 12-інші шағын ауданда орналасқан бұл үйдегі жеделсатылардың жұмысы тоқтатылды.Олардың да қызмет етіп келе жатқанына 25 жылға жуықтапты. Қайғылы оқиғадан кейін лифтге мінуге қорқып қалған тұрғындар жоғарғы қабаттарға жаяу көтерілуге үйрене бастапты.  Дегенмен қарттар баспалдақпен шығудың қиын екенін айтады.

Ғазиза Жұмағұлова,  тұрғын:

Енді кім қорықпайды? Лифтіге қысылып өліп жатса?! Қорықпайтын адам бар ма жанына? Енді шаққа жүреміз, 4-5 дем алып. Шаққа барамыз. Сол...

Жақсыбек Кемал, тілші:

Дегенмен жергілікті әкімдік өкілдері тексеріс қорытындысын әлі ресми жариялаған жоқ. Тек алдағы мейрамдардан кейін арнайы баспасөз мәслихатын өткізуге уәде берді. Істен шыққан жеделсатылар мен ескілерін жөндеу үшін нақты қандай жұмыстар атқарылатыны да әзірге белгісіз.

Жақсыбек КЕМАЛ