Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерлігі ескерілмей қалған батырлар

  • AstanaTV
  • 10 мамыр 2018
  • 10129

"Ерлік ешқашан ұмытылмайды". «Нұр Отан» партиясы Ұлы Жеңіс күніне орай осындай акция бастады. Бұл ұлы майданда ерлік көрсеткендермен қатар, лайықты бағасын ала алмаған батырлардың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін қолға алынған. Елде есімі елеусіз қалған мұндай 110 ардагер бар. Олардың ұрпақтарымен "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев кездескен болатын.

Тарихи әділдік мұрағаттардан алынған құжаттар мен ардагерлер ұрпақтары айтқан деректерден соң қалпына келтірілген. Арада 73 жыл өтсе де олардың ерліктерін ешкім білмейді. Солардың бірі - Аманша Меңдіғалиев. Панфилов дивизиясының құрамындағы сарбаз Мәскеуді қорғауда қиян-кескі ұрысқа қатысып, жарақат алады. Бірақ оның басқаруымен полкі зеңбіректен оқ атып, әскерін Германия астананасына дейін жеткізеді. Бұл ерлігінен соң Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған. Кеудесіне ордендер тағылғанымен, батыр атағын алу бұйырмапты. 

Мәулен Әшімбаев,  "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл ерлік жасаған адамдарға әртүрлі жолмен құрмет көрсетіуміз керек. Біріншіден, осы кісілердің аттарымен көшелерді атап жатсақ немесе өздері оқыған мектептерде аттары беріліп жатса, ол осы азаматтар мен аталарымыздың еселіктің сақталуына үлкен септігін тигізер еді. Сонымен қатар, музейлерге осы кісілер туралы ақпараттар жинап берсек.

Есімі еленбей келгендердің ерлігі бұған дейін құпия болып келген мұрағат құжаттары айғақтайды. Кейбірі әке-аталарының қаһармандығын білмей де келген. "Тарихи әділетсіздікті қалпына келтіру - біздің қосқан үлесіміз болады", - деді Мәулен Әшімбаев.

Ал ерлігі ұрпаққа үлгі болар мұндай 110 ардагер бар. Ыбырайым Сүлейменов те батыр атағына ұсынылғанымен, белгісіз себеппен берілмей қалған. Соғыста бар-жоғы 3 қана оқпен 5 жауды бір сәтте жер жастандырған батыр мерген Ыбырайым Сүлейменовтың ұрпақтары бүгінде Таразда тұрады. Сұрмерген Сүлейменов ерекше ерлік жасауын тоқтатпай, тағы бір шайқаста жалғыз винтовкасымен 102 немістің көзін жойған. Осылайша асқан ерлігімен аты шыққан азамат 1941 жылы Мәскеу майданында Мәншүк Мәметовамен бірге соғысады. Бұл жайында батырдың қарындасы Айткүл Сүлейменова жеңіс күнімен құттықтап барған нұр отандықтарға айтып берді. Бүгінде Жамбылда батыр атында екі мектеп, ал Тараз қаласының орталығында бір көше бар. Ресейдің Небель қаласынан да көше аты берілген.

Айткүл Сүлейменова, ардагер қарындасы:

«Міне сендердің апаларың Мәншүк менімен бірге шайқасуда» деп Мәншүктің ерлігін жазатын бізге. Біз көбінесе соларды айтып өстік.

Тобыл  өңірінің тумасы, майдангер Қасым Ахметов 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, арнайы оқу-жаттығудан өткен соң Фин соғысына, кейін 1941 жылдан бастап Ұлы Отан соғысына қатысады. Шайқаста көрсеткен қайсарлығы мен өжеттігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған. 1943 жылы  244-атқыштар полкінің командирін Кеңес одағының батыры атағына ұсынады. Бірақ қазақтың тағы бір батырына атақ берілмей қалады. Қасым Ахметов жеңіске 23 күн қалғанда Германия жерінде қаза табады.

Қажымұқан Көшмырзин, ардагер туысы, Еңбек ардагері:

Онда жасаған ерліктері газеттерде жазылған. Қасымның істеген ерлігі, өте өшпенділік екен. Ел үшін, Сталин үшін, Отан үшін деп қарамағындағы солдаттарды басқарған дейді.

Нұротандықтар Маңғыстаудағы жалғыз соғыс ардагерінің де отбасында болды. Кеңес одағының батыры атағына ұсынылған Исатай Сүйеубаевтың ерлігі әлі де ел есінде. Ол 293 атқыштар дивизиясының құрамында болған. Соғыс жылдары өзінің  батылдығы мен өжеттігімен танылған. Исатай Сүйеубаев 34 жасында 1948 жылы қайтыс болады. Батыр атағы бұйырмаса да 2 жыл бұрын облыстағы орта мектеп аты Исатай ардагердің құрметіне берілген. 

Жұлдызбай Есбосынов, ардагер туысы:

Исатай соғыста үлкен ерлік жасады. 200-ден асатын немісті, 100 румын солдатын өлтірді. Ондай ерлік ол кезде қиын еді. Содан екі рет Совет одағының батырына ұсынған, бірақ 5 айдан кейін Ленин ордені келді.

Мереке күндері нұротандықтар ел бойынша 2 мыңнан астам Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады. Алдағы уақытта партияның қолдауымен осы бағыттағы жұмыстар жалғаспақ. Ерлігі еленбеген тағы да  жүзден астам батыр туралы ақпарат жиналатын болады.