Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада халықаралық стандарттарға сәйкес ірі ет комбинаты салынады

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2018
  • 3321

Қызылордада халықаралық стандарттарға сай бірегей ет комбинаты салынбақ. Мұндағы өнімдер Иран, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Монғолия мен Ресейге экспортталады. Аймақтағы малшылар слетінде ауыл шаруашылығы саласының басшылары осылай деп мәлімдеді. Қаратау баурайында өткен шараға бірнеше облыстан ғылымдар мен қожалық өкілдері жиналды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен КазАгро холдингінің мамандары да бар. Малшылар слетінде тағы қандай мәселелер сөз болғанын келесі бейнематериалдан біле аласыздар.   

Жасыл жайлауда төртінші рет бас қосқан малшылар саланың мықты мамандарынан дәріс алып, тәжірибе алмасты. Жергілікті фермерлер сырттан келген әріптестерін таңқалдыруға тырысты. Асыл тұқымды ірі қара, жылқы мен қой басын өсіру жыл сайын дамып келеді. Ал, шенеуніктердің сөзінше, мал шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау орасан. 

Бақыт Жақанов, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Қазір ауыл шаруашылық министрлігі етті мал шаруашылығын дамытуда бағдарламасын қабылдап жатыр. Ол 10 жылдық бағдарлама. Ол жердеге ең үлкен мүмкіндіктің біреуі 15 жылға дейін 4 пайызбен несие беруге мүмкіндік береді. Ол шаруашылықтарға өте тиімді. Сонымен қатар сол етті мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға килограмына 200 теңгеден субсидия төлеу, ол енді тірілей салмаққа төленетің болады.

Облыс өткен жылы буферлік аймақтан ресми түрде шықты. Бұл жаңа мүмкіншіліктер мен жобаларға жол ашады. Жергілікті ет өнімдеріне Монғолия, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Иран мен Ресейден сұраныс көптеп түсуде. Ал қытайлық кәсіпкерлер 10 мың басқа дейін қой алуға қызығушылық білдірді. Асыл тұқымды ұсақ малды өсіруге бетбұрыс жасау маңызды, - дейді шараға қатысушылар. 

Болат Бөгетов, «Олжа» шаруа қожалығы басшысы:

Ақбасты сиырларды биылғы жылы Батыс Қазақстан облысынан 127 бас аналық және 5 бас бұқасымен алып келдім. Жабы жылқысын Ақтөбеден алып келдім, 80 бас аналығын және 6 айғырын биыл алып келдім. Бізге жұмыс істеуге өте қатты көңіл бөліп, көмек көрсетіп отыр. Мысалыға, 127 бас аналық әкелгенім үшін 19 миллион теңге мен үкіметтен субсидия алдым. Оны қазір қора-жай салуға пайдалануға мүмкіншілік бар.

Аймақта 11 миллион гектардай жайылым жер бар. Оның  тек 24 пайызы пайдаланылып келеді. Ұңғымалардын арқасында жуырда 70 пайыздайы сумен қамтамасыз етіліп, іске қосылған. Бұл хабар слет қатысушыларын қуантты. Яғни фермерлердің, жайылымды тиімді пайдаланып, мал шаруашылығын әрі қарай  дамытуына барлық жағдай бар.

Шарипа САҚТАПОВА