Ақтөбеде жеделсатыға қысылып қаза тапқан әйелдің төңірегіндегі дау жалғасып жатыр. Марқұмның отбасы «Лифтінің істен шыққанына қатысты нақты айғақтар бар. Бірақ іс сотқа жетер емес», - деп налиды. Ал пәтер иелері кооперативі өкілдері болса, «бұл үйдегі жеделсатыларды алмастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», - дейді. Тараптардың пікірін тілшіміз Жақсыбек Кемал тыңдап келген еді.
Оқыс жағдайда ажал құшқан әйелдің қазасына 40 күн толды. Ал оның туыстары кінәлілердің әлі күнге дейін жазаланбай отырғанына наразы. Марқұмның анасы қайғылы оқиғаға пәтер иелері кооперативі қызметкерлерін айыптап отыр.
Нағыз кінәлілер жазасыз қалмауы керек дейді. Қайғы жамылған отбасы мүшелерінің сөзенше, пәтер иелері кооперативі өкілдері марқұмның өзін кінәлі етуге тырысқан көрінеді.
Айша Төлемісова, марқұмның анасы:
Мен
енді ол кісінің заңмен жазалансын, болмаса заңмен жазасын алмаса, Аллаға
тапсырам. Мен КСК-ны кінәлаймын. Себебі 30-ы күні жөнделген лифт неге үзіледі
4-і күні? Тұрғындар барып айтқан, сонда тросс ешқандай майланбаған, лифт
көтерілген сайын «шиқ-шиқ» етіп қозғалып тұрды дейді. Үзілетінін біз білдік
дейді көршілер. Сонда да бізді тыңдамады дейді.
Гүлжайнар Қарашолақова, марқұмның әпкесі:
«Өзі кінәлі», - деп КСК-ның айтатын жері емес жылап-еңіреп отырғанда. Тұрғындардың өзінің кінәсі дейді. Неге кінәлі болады? Лифтісін жөндеп қоймай ма? Қаншама тұрғын отыр, қаншама жас балалар қалып қойып жатыр...
Пәтер иелері кооперативінің өкілдері «қайғылы жағдайға жеделсатының ескіруі себеп болды», - деп отыр. Оқиға болардан бұрын жеделсатының тросы алмастырылған екен. Ал, бұған дейін тексеріс жүргізген комиссия өкілі келіншектің өлімі лифт автоматикасының істен шығуынан болды деген болатын.
Қайсар Сабыров, «Жәнібек Сервис» ПИК директорының көмекшісі:
Бұл лифтілер ескі лифтілер. Өткенде комиссия болғанда да нақтылады. 90-ыншы жылғы лифтілер. Хотя үй 97-інші жылы салынған болса да.Ол бұрын пайдаланылды ма, складта жатып қалды ма, белгісіз. Тергеу жұмыстары осы күнге шейін жүріп жатыр. Яғни біздің басшылықты, механикті, басқа да көрген куәгерлерді шақырып, сұрақтарын қойып, жауап алды.
Қайғылы оқиға болған үйдегі төрт жеделсаты да тоқтап тұр. ПИК өкілдері олар жаңасына ауыстырылатынын айтады. Әзірге тек бір подъездің тұрғындары ғана келісім берген сыңайлы. Заң бойынша жаңа лифт қою үшін тұрғындардың 70 пайызы келісімі қажет екен. Оған кететін қаржыны тұрғындардың өздері өтейді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қайғылы оқиғаға байланысты «сапасыз салынған құрылыс» бабы бойынша тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі енді техникалық сараптаманың қорытындысын күтетіндерін айтты. Ол алдағы бір ай шамасында ғана дайын болатын көрінеді.
Жақсыбек
КЕМАЛ