Русский Сайттың толық нұсқасы

Эскалаторда болған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2018
  • 4218

Астанадағы сауда орталықтарының бірінде эскалаторда болған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаменті хабарлады. Ал, шахар әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, зардап шекен 2 жасар бүлдіршін ауруханада тиісті көмек көрсетілген соң үйіне шығарылған. Жағдайы қалыпты.

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306 бабы "қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызмет көрсету" деген баппен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қазір оқиға орын алған нысандағы эскалатор қалыпты жұмыс істеп тұр. Сауда орталығы өкілдерінің айтуынша, жылжымалы баспалдақта ешқандай олқылық болмаған. Анасы мен баласы сатыдан түсіп келе жатқанда, 2 жасар сәби кенеттен шалынып құлайды. Салдарынан тынымсыз жылжып тұратын баспалдақтардың тісіне баланың саусақтары қысылып қалған. Ал ондағы эскалатордың жаңа екенін ешбір ақауының жоқтығын инвестициялар және даму министрінің өзі растады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Сауда орталығында болған ол жаңа техника. Бірақ осындай оқиға болды. Қазір тексеру өтіп жатыр.

Еске салайық, ғаламторда тараған бейнекөрініс желі қолданушыларының қызу талқысына айналған. Жұрт эскалатор жұмысын бақылап тұратын камералар мен көмек батырмасы болуы қажеттігін жазуда.

Ал Сарыарқа ауданының әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында эскалаторды пайдаланған кезде ата -аналардың балаларға мұқият қарауы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, нысанның иесі эскалатор-сервистік компаниямен бірге оқиғаны зерттеп, құзыретті органдарға материалдарды ұсынатынын жария етті. Бұл оқиғаның жай-жапсары туралы толығырақ сенбі күні сағат 17:30-да «Астана» телеарнасының "Репортер ұсынады" бағдарламасынан көре аласыздар. Өткізіп алмаңыздар.