Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі әлі шешілмеді

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2018
  • 3338

Ақтөбеде қаланы қоқыстан тазарту мәселесі әлі шешілмеді. Тұрмыстық қалдықтарды шығарумен ұзақ жылдар бойы айналысып келген «Ақтөбе Таза қала» мекемесі тарауы мүмкін. Ал "екі айдан бері жалақы алмадық" деген осы серіктестік жұмысшылары бүгін компания кеңсесіне басып кірді. Шаһарда қоқыс шығару мәселесінің дауға айналғаны туралы бұдан алдыңғы жаңалықтарымзда хабарлаған едік. Ақтөбе халқының күл-қоқыстан көз ашпай келе жатқанына бір айға жуықтаған.

Қала тазалығымен айналысатын мекеменің қызметкерлері бүгін жұмысқа шыққан жоқ. 100-ге тарта адам мекеме алдына жиналған. Еңбекақысын талап еткен олар арнайы техникалардың жартысына жуығы жөндеуде тұрғанын айтады.

Біз үйеміз, сыпырамыз, еще оны тележкаға тиейміз. Топырақ, кір. Кір ағып барамыз. Оған баняға баратын да ақшамыз қайда біздің? 

Лас жұмыстың бәрін қолмен атқаратын жұмысшылар, осылайша, не ақша жоқ, не қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ, дейді. Жалақының бірнеше айдан бері дұрыс төленбегені өз алдына, жыл басынан бері зейнетақы қорына бір тиын да аударылмапты. 4-інші маусым күні мекеме жұмысын тоқтатады дегенді естіген олар, соңғы екі айдың ақшасын ала алмай қаламыз ба деп алаңдайды.

Қоныс Тіріжанов, «Ақтөбе таза қала» ЖШС жұмысшысы:

Кредитіміз бар, квартирамыз бар. Өзім квартирада жүрген адаммын. Екі ай квартираға төлеген жоқпын, мысалы.

Айнагүл Рахметова,  «Ақтөбе таза қала» ЖШС жұмысшысы:

Толық айлығымызды берсін! Пенсионный фондымызды қай жылдан кірдім, сол жылдан төленсін! Документтерімізге дұрыстап жазып берсін! Жұмыссыз қалайн деп тұрмыз оның үстіне.

Басшымен кездесуге келгендердің үміті ақталмады. Амалы таусылған жұмысшылар кеңсеге басып кірді. Мекеменің жұмысшылар алдындағы қарызы 15 миллион теңгеге жеткен. Қазрідң бұлай өсіп кетуіне компания есепшоттарының бұғатталуы себеп болыпты. 

Әлібек Қарабаев,  «Ақтөбе таза қала» ЖШС бөлім басшысы:

Счет жабық тұр бізде қазір. Арестта тұр налоговыйда.  Соны шешу жұмыстары жүріп жатыр қазір. Қарыз, штраф болған компанияда. Қазіргі таңда мүмкіндік жоқ мекемеде. Айлықтары сәуір, сосын мамыр және компсенсациялары берілетін болады.

Серіктестік қоқыс шығару жұмысын айдың басында тоқтатты. Дегенмен, жұмысшылар міндетін әлі күнге дейін атқаруда. Бұл мекеменің орнына жаңадан 10 басқарушы компания келген. Тұрғындар бұдан Ақтөбенің қоқысы азаймады деп отыр. 

Александр Скляр, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Барлық аулада осындай жағдай! Бұл Уәлиханов көшесі, Алтынсарин көшесіндегі жағдай тіпті нашар! «Таза қала» мекемесінің жұмысын бекер тоқтатты. Біз оларға төлеп келдік, олар міндеттерін атқарды.

Қала тазалығымен айналысуға жаңадан бекітілген басқарушы компанияның басшысы бізге телефон арқылы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. Оларға бекітілген аймақта 4 көлік пен 12 адам бар екен.

Талғат  Қибаш, «№1 басқарушы компания» ЖШС басшысы:

Ешбір жерде үйілген қоқыс болмауы керек. Сондықтан күшейтілген режимге көштік. Қажет болса, тәулік бойы жұмыс істеуге бармыз.

Жұмыстың алғашқы қорытындысы апта соңында ғана белгілі болады. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер мәлімдеді. Ал «Ақтөбе Таза қала» мекемесі жұмысшылар алдындағы қарызын маусым айының соңына дейін өтеуі тиіс екенін айтты.

Жақсыбек КЕМАЛ