Русский Сайттың толық нұсқасы

450 өрт бекеті керек, бары – 179. Орман және дала өрттеріне дайындық нашар. Құбылған ауа райы туралы да бірер сөз.

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2018
  • 3879

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметінше, орман және дала өрттерінің алдын-алу шаралары нашар және қажет техника тапшы. 5 мың елді-мекенді қорғау үшін 450 өрт бекеті керек, ал бары – 179. Ормандардағы өрттің ошағын табу үшін бақылау мұнаралары 290 болуы керек, бары мен дайындалғаны – 200. Заң бойынша, дала өрттерінің алдын-алу және сөндіру жергілікті атқарушы билік, орман өрттерінің алдын-алу және сөндіру жергілікті билікпен қоса, орман шаруашылығын қорғау комитеттерінің мойнында. Иә, жерімізде орман өте аз – сондықтан жауапкершілік те жоғары. Алайда мысалы, осы аптада Семей маңында болған орман өртін көріп ішің ашиды. 300 га қылқан жапырақты орман жанып кетті. Оны қасқөйлердің тұтандыруы мүмкін екенін естігенде, тіпті ашуланасың. 

Жалпы, жыл басынан бері 45 орман өрті болған. Ал материалдық шығын 4,4 млн теңгеге жетті. -Биыл да өрт қаупі жоғары, -деді Ішкі істер министрі.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Қолда бар техника мен күш аз екені белгілі. Соның салдарынан соңғы 5 жылда елдегі орман дала алқаптарында 20 мыңнан астам табиғи өрт орын алды. Материалдық залал 600 млн теңгеден, өртенген аудан 1,8 млн га асты. Қабылданып жатқан шаралар мен талаптарға қарамастан, аймақтар қауіпті өрт кезіне толық дайын деп айта алмаймыз.

Өңірлерде орман шаруашылықтары мен алқаптардағы өртті сөндіруге қолданылатын автоцистерналар жеткіліксіз. ШҚО-да 460 мың га орманға бар-жоғы 3 цистерна, Алматы облысында 5,3 млн га орманға 55 цистернаның орнына 30, СҚО-да 684 мың га орманға 34 цистернаның орнына 22 цистерна. Ал Ақтөбе облысындағы табиғи резервуарларда бірде бір цистерна жоқ.Қолда бар әрбір бесінші техниканың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Мына фактіні Премьер-министрдің өзі мойындағаннан кейін не сұрайсыз:

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Әкімшіліктердің  қымбат автокөліктер жылда сатып алатыны БАҚ-да жазылып, айтылады. Ал мына орман дала өрттерін сөндіруге байланысты, болмаса тасқын суға тойтарыс жасауға байланысты қажетті құрал-жабдыққа келген кезде, ақша жоқ болып қалады.

Осы көктемде су тасқынының астында қалғанда төтенше жағдайға қажет техника алуға 2 млрд теңге бөлінетіні айтылған, алайда сол ақша әлі бөлінбеген. Ішкі істер министрі қаржыны жыл соңында да алмайтындарын айтты. Ылғи солай болатынын білгесін айтып тұр ғой. Бұл, төтенше жағдайға орай көзқарастың қандай екенін көрсеткендей – төтенше жағдай кезінде «қажет заттар алынады, қанекей, өтініш жазыңдар», -деу, ал басылғасын, сиырқұйымшақтатып жіберу. 

Осы аптада Астанада құйындатып жауған нөсер де алдымен ащы әзілді төпетті.

Шын мәнінде күлетін дәнемесі жоқ. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардан 875 қоңырау түскен, 10 адам зардап шеккен. Материалдық шығын да аз емес. 28 көпқабатты тұрғын үйдің, 23 әлеуметтік нысанның шатырлары мен фасадтары қирады. 9 мың метрден асатын қоршаулар, құрылыс алаңында кран құлады. Жеке мүліктері бүлінген тұрғындардың шығынын сақтандыру компаниялары өтеп береді. Сақтандырылса, әрине. Нақты қанша көліктің майысқаны әлі де анықталып жатыр. Апта ортасындағы мәліметке сай, 80-ге жуық астаналық сақтандыру компанияларына жүгінген. Оларға тиесілі қаржы шамамен 78 миллион теңгені құрайды. Ал жалпы, қираған заттарды қалпына келтіруге кемінде 235 миллион теңге керек. 

«Биыл жаз болмайтын болды», деп солтүстіктегілердің қабағы түсіп жүргенде, Алматыда Медеу жақта сәрсенбіде қар жауып, астаналықтар «күлме досқа» деп қалжыңдады.

Иә, мұның бәрі өткінші нәрсе болса, рақаттана күлуге болушы еді. Тенгриньюс порталы Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының атқарушы директоры Искандар Абдуллаевтың пікірін келтіріпті: Соңғы жылдары климаттың өзгеруі антропогенді сипатты. Енді мұндай жағдай жиілей түседі. Ал климат түпкілікті өзгермей тұрғанда оған дайындалу керек. Жалпы, климаттың өзгеруі температураның төмендеуі немесе жоғарылауы емес. Бұл – климаттың барлық құрамдас бөлігінің өзгеруі, оның ішінде табиғи құбылыстардың. Яғни көп жылғы қалыпты жағдайдың бұзылуы... Ауаға көмірқышқыл газды тарату артып барады, тиісінше, ауа-райының барлық спектрі өзгеріп жатыр... Жазда күн суытып, қыста керісінше болуы деген сияқты. Біздің аймақта су ресурстарына байланысты проблема тереңдей бермек. Керек кезінде болмай қалады және екінші жағынан, топалаң су басады деген тәрізді. Сондықтан су қорына баса назар аудару керек! Шөлейтті жерлер көбейеді.

Маман Астанадағы дауылды нөсерді нақ климаттың өзгеруінен демейді. Дегенмен климат өзгерісінің ықпалы барын жоққа шығармайды. Алайда оның климаттың біртіндеп өзгере беретініне жақсылап дайындалу туралы айтқанын кім естиді дейсің – төтенше жағдайларға дайындалмай, қажет ақшаны дер кезінде бөлмей отырғанда!..