Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Корея ядролық полигонды жойды

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2018
  • 1757

Солтүстік Корея өз аумағындағы ядролық полигонды жойды. Сынақ алаңын жабу арқылы Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президентіне берген уәдесін орындады. Ал АҚШ тың Иранға қатысты санкциялары төңірегіндегі дау басылар емес. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Солтүстік Кореяда «Пхунгери» ядролық полигоны жойылды. Рейтерстің хабарлауынша жою процесінде жерүсті құрылымдарымен бірге үш кеніш жарылған. Радиоактивті материалдардың қоршаған ортаға қаншалықты зиян тигізгені жайлы ақпарат жоқ. Елдегі БАҚ өкілдерінің жазуынша, сынақ алаңын жапқан Ким Чен Ын Оңтүстік Корея Президентіне шекарадағы тарихи кездесу кезінде берген уәдесін орындады. Пхунгери КХДР-дағы ең үлкен ядролық қаруды сынау алаңы. 2006 жылы ашылған. Онда алты ядролық сынақтың бесеуі өткізілген. Кей сарапшылардың пайымынша, ядролық қарусыздандыру туралы айтуға әлі ерте. Яғни, Пхеньянда сынақты қажет етпейтін ядролық технологиялар болуы мүмкін. 

Еуроодаққа қарасты компаниялардың бір бөлігі АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларынан құтыла алмайды. Германия канцлері Ангела Меркель осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде ол Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен бірлесе өткізген баспасөз жиынында айтты. Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі кешенді іс-қимыл жоспары да, Еуроодақ елдерінің бірлескен күш-жігері де Ирандағы бизнесті қорғай алмайтынын мойындады.  Меркельдің өзі Иранмен бұдан алдын жасалған келісімдерді ұстануға ниетті .

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Осы санкциялар нәтижесінде еуропалық компаниялардың бір бөлігі ғана Ираннан кетуге мәжбүр болады. Сонымен қатар, нарыққа тағы да басқа көптеген кәсіпорындар келуі мүмкін. Дегенмен, біз Қытай тарапымен ынтымақтастықта боламыз. Иранға қатысты қолданыстағы келісімдерді жалғастыру керек деп есептейміз.

Кеше Иранның рухани көшбасшысы Айатолла Хаменеи еуропалық елдерге жеті шартты ұсынды. Соған сәйкес Тегеран «ядролық мәміле» аясында қалатынын айтты.  Еуропаның Иран мұнайын сатып алуға кепілдік беруін талап етті. Ал Ұлыбритания, Франция және Германия Иранның баллистикалық бағдарлама бойынша келіссөздерді бастауына уәде бермеуі керек. Егер олай болмаса, Иран уран байытуды қайта бастайды,-деді Хаменеи. Еске салсақ, 8 мамырда Дональд Трамп АҚШ-тың Иранмен ядролық келісімінен бас тартқан еді.