Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар енді ыстық сусыз қалды

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2018
  • 2862

Орал халқы кезекті рет ыстық сусыз қалды. Қарызға шаш-етектен батқан «Жайықжылуқуат» мекемесіне көгілдір отын беру тағы тоқтатылған. Қазір коммуналдық кәсіпорынның «Қазтрансгазаймаққа» берешегі жүздеген миллион теңгеге жуықтады. Компаниялар арасындағы борыштың салдарын қарапайым тұрғындар тартып отыр.

Еркін Карин, тілші: 

Қарызын уақытылы төлемеген жылу мекемесі былтыр газдан бес рет ажыратылыпты. Биыл да жағдай өзгермеді. Қарызы 900 миллион теңгеге жуықтаған «Жайықжылуқуат» көгілдір отыннан, ал 68 мыңға тарта пәтер ыстық судан қағылды.

Ыстық судың жоқтығы әсіресе көпқабатты үй тұрғындарына қиындық тудырып отыр. Кішкентай балалары бар отбасыларға тіпті қиын. Олар жуынып-шайыну үшін бірнеше күннен бері су ысытуға мәжбүрміз дейді.

Антонина Гидлевская, Орал қаласының тұрғыны:

Ыстық су тоқтағалы бері қазанымыз оттан түспейтін болды. Төрт күннен бері су ысытып, әуреге түсіп жатырмыз. Бұл азаптың қашанға созылары белгісіз. Коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлейміз. Бірақ, жылдағы жағдай осы.

Жайықжылу мекемесінің дерегінше, оралдықтардың ыстық суға қарызы 734 млн теңгені құрайды. Бұдан бөлек, жеке мекемелердің қарызы да миллиондап саналады. Бірақ осы қарыздың өзін қайтарып алу оңай болмай тұрған көрінеді.

Вячеслав Солодилов, "Жайықжылуқуат" АҚ коммерциялық директоры:

Жағдай мәз емес. Кәсіпорынды 4 сағаттық жұмыс күніне көшірдік. Жылыту қазандығының тоқтауына байланысты бос қалған 200 қызметкерімізді борышкерлерден қарызды жинайтын мобильді топтың қатарына қостық. Осылайша 10 адамнан тұратын 20 топ құрылды. Қарап отырмай қарызды тездетіп жинап жатырмыз. Биыл 42 миллион теңгені өндіріп алу үшін сотқа 1042 талап-арыз түсірдік.

Дегенмен "Қазтрансгазаймақ" өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Бірақ жылу мекемесіне қарыздың жартысын төлеген жағдайда, газды қайта қосатындарын ескерткен.

Нұрбану Сатыбалдиева, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Мамыр айында «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан 700 млн теңгені өтеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 325 млн теңгесі несие алу жолы арқылы болса, 375 млн теңгесі «Жайықжылуқуат» АҚ өз қаражаты есебінен төлеу жоспарлануда. Қарыз алғаннан кейін берешектің жарты соммасын өтеген жағдайда, қосылу жұмыстары жүргізілетін болады.

Еркін Карин, тілші:

Орын алған жағдайға байланысты тілшілердің басын қосқан Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев қарыздың қордалануына жылу мекемесінің бұрынғы басшыларын айыптады. Яғни, кәсіпорын қаржысын жымқырып, қиын жағдайда қалдырған. Әкім коммуналдық  қызмет ақысын уақытылы төлеп келген тұрғындардан кешірім сұрап, борышкер азаматтардың қарызынан тезірек құтылуы керектігін жеткізді. Бірақ газдың қашан берілерін шаһар басшысының өзі тап басып айта алмады.

Еркін КАРИН