Дүниежүзіндегі жоғары оқу орындарының рейтингісін беделді орталықтың (CWUR) 2018-19 оқу жылының алдында есебі шыққан – алғашқы үштік: Гарвард, Стэнфорд және Массачусетс технология институты. Орталық студенттердің білім деңгейі мен оқытушылардың зерттеулерінің сапасын анықтағанда университеттердің өздерінің мәліметтеріне сүйенбейді. Сүйенетіні - қанша түлек халықаралық сыйлық, марапат алды, түлектердің қанша проценті жұмысқа тұрды, неше ғалым-оқытушы халықаралық деңгейде медаль тақты, өте жоғары деңгейдегі журналдарда жарияланатын зерттеу жұмыстарының саны, олардың еңбектеріне неше рет сілтеме жасалды, тағысын тағы. Тізімдегі 1000 жоғары оқу орнының 213 АҚШ-та, 130 Қытайда, дамыған елдерде 50-60-тан, тіпті Пәкістанның 3 университеті бар. Ал бірде-бір қазақстандық жоғарғы оқу орны жоқ... Біздегі университеттерде жетпейтіні не? «Кілтке» секіріп тұра береміз бе, «бой» қашан өседі? Ришат Асқарбекұлы сараптап көрді.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Қазір кім болса да білім алудың тиімді жолын іздейді. Қазақстандағы білім жүйесін жамандаудан аулақпыз. Десе де отандық оқу орындарына көңілі толмай, Еуропаға білім іздеп кеткен қарапайым қазақ баласының мысалымен кейбір кемшіліктерді жіпке тізуге болады.
Тимур Исаенко Қазақстанда жүріп германиялық оқу орнының грантын ұтып алып, қазір Нюрнбергте оқып жүрген жастардың бірі. Қарапайым отбасынан шыққан. Әкесі құрылысшы, анасы мұғалімі. Алматылық өрен мектеп бітірген соң, 2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-технология факультетіне оқуға тапсырдым, дейді. Бірақ еліміздегі рейтингісі аспандап тұрған жоғары оқу орнында біраз оқыған соң, Еуропаға кетуге мәжбүр болған.
Тимур Исаенко, студент (Германия):
Мен Қазақстандағы жоғарғы оқу орнына тапсырғанда қандай маман болып шығатынымды мүлдем елестете алмадым. Сабаққа келіп-кетесің, бірақ қызығатын ештеңе таба алмадым. Қатарластырымның 95 пайызы мен сияқты жүргенін сездім.
Сөйтіп, Тимур Германиядағы Нюрнберг қаласында орналасқан «Георг Симон Ом» атындағы университеттен бір-ақ шығады. Екі жылдан бері сонда оқиды. Ол ағылшын, неміс тілдерін меңгерген. Жерлесіміз грантқа таласқан 700 студенттің арасынан 40 адамның бірі болып мәреге жеткен. Ол өзінің оқуға түсіп кетуін Қазақстан мектептерінде алған базалық білімнің арқасында екенін жасырмайды. Бірақ қазақтар немістердің баланы мамандыққа баулудағы тәжірибесінен үлгі алуы тиіс, деп есептейді.
Тимур Исаенко, студент (Германия):
Германияда бала 5-ші сыныпта оқып жүрген кезден-ақ өзінің болашағын айқындай бастайды. Ол техникалық немесе гуманитарлық бағытқа баратынын ата-анасының немесе онымен сөйлесетін психологтардың көмегімен таңдауға мүмкіндік алады. Ал 7-8-ші сыныпқа барғанда бала тіпті өзіне ұнайтын компанияларға барып, болашақ мамандығы туралы практикалық таным алады. Миына түскен сол түйірдей дән оны жоғарғы оқу орына оңай жетелеп әкеледі.
Біздің елде студенттердің көбінің санасында «диплом» үшін оқу бар. Ал білім мен білікті маман иесі атану түсінігі сіңіспей жатыр, дейді Рахман Алшанов. Топырлатып маман даярлағанмен, оның білімі іс-жүзінде көк тиынға татымаса ше?!
Рахман Алшанов, Қазақстан ЖОО Қауымдастығының төрағасы:
Шевронда істейтін кадр бөлімінде бір қарындасымыз, аға, бізге 24 адам аламыз жұмысқа жас мамандар жіберсеңіздер, деді. Бірнеше жыл бұрын. Атыраудан. Ақтөбеден, Шымкенттен, Алматыдан 26 университет дайындайды екен, кадрларды мұнай саласына. Бірнеше тур өткізіп, соңғы турында 4 бала қалды. Солар бір күні қайтып келді. Не болды, десем: аға, біз арта қалып кетіппіз, мына компаниядағы техникаларды біз оқымағанбыз, танымаймыз да дейді. Бізге оны университете оқытқан жоқ деп қарап тұр.
Дегенмен ақпараттық технология саласында аз да болса, алғыр жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Ішкі еңбек нарығына қажетті заман талабына сай мамандарды Халықаралық ақпараттық технология университеті мен Сүлеймен Демирел атындағы университет оқытып жатқан көрінеді.
Рахман Алшанов, Қазақстан ЖОО Қауымдастығының төрағасы:
Кеше мына қарасаңдар, грантқа таласқан кезде, ақпараттық технологиямен оқитын балалар осы екі университетті таңдайды. Бұрыннан қалыптасқан университетті емес, осыларды таңдап жатыр. Ал керек болса. Сол сияқты рейтинг өзі көрсетеді. Біреулер «ол мен ғой» деп дандайсиды. Тарихымыз мол университет деп, тарихы бар шығар. Бірақ қазір өндіріске, экономикаға нақты білім керек.
Айзат Жақсылық, студент:
Мысалға айтсақ, Финляндиядан келген бағдарлама бойынша, көптеген мұғалімдер физика, химия, биология сабақтарын ағылшын тілінде үйретуге тиіс деген шықты. Физика, химияны білгенімен, оның ағылшыны жоқ. Білім төмен болуы мүмкін. Сондықтан мұғалімдер де тест тапсырып, білімдерін, шеберліктерін шыңдап отыруы тиіс деп ойлаймын.
Тимур Исаенко, студент (Германия):
Неміс оқу жүйесімен салыстырып, бір ғана мысал келтіргім келеді. Қазақстанның оқу орындарында егер емтиханды уақытында тапсыра алмасаң, басыңа қара бұлт үйіріледі. Менің аймақтардан оқуға келген курсастарым осы проблемаға ұрынатын да жүретін. Ол тек ақшамен шешіледі. Белгілі бір соманы жинап, оны төлеген жағдайда қайтадан емтихан тапсыруға мүмкіндік болады. Каникулға шығудың орнына мұғалімнің артынан жүгіріп жүруге мәжбүр. Ал мұнда мүлдем басқаша. Егер емтиханнан құлап қалсаң, тағы екі рет мүмкіндік беріледі. Тегін және өзің дайын болған уақытта келіп тапсырасың. Егер одан өте алмасаң, мұнда оқуға ешқандай моральдық қақың жоқ. Ешқандай ақша көмектеспейді.
Елімізде білім саласына қанша реформа жасалса да, еуропалық білім беру жүйесінен әлі алшақпыз. Неге?
Қымбат Әбдікерімова, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:
Онда студент пен мұғалімнің ара қатынасы басқаша. Бізде авторитарлық педагогика, мұғалімнің айтқаны заң. Мектепте де, университетте де тыныш отыр, салғыласпа дейді. Шетелде басқаша, онда мұғалім мен студент тең, әрбір студент өз ойын еркін айта алады. Мысалы, мұғаліммен ол келіспей ме, келісе ме, ол басқа бір жайт. Сондықтан Швейцарияда оқығанда айтатын, Қазақстан студенттері үндемей отарды деп. Себебі бізде мектептен бастап өз ойымызды айтуға рұқсат етпеді.
Мамыр айының соңында Дүниежүзілік университеттер рейтингісін шығаратын орталық 2018-2019 оқу жылының қарсаңында ғаламдық жоғарғы оқу орындарының рейтингісін жария етті. Түрлі талаптар бойынша сараланған тізім әлемдегі 1 мың оқу орнын қамтыған. Ал Қазақстан бұл тізімде жоқ.
Бұл «мыңдықтың» ішінде:
АҚШ- 213
Қытай- 130
Ұлыбритания- 63
Франция- 62
Жапония-56
Германия-54
Ресей-5
Пәкістан-3 жоғарғы оқу орындарымен рейтингке іліккен.
Рахман Алшанов, Қазақстан ЖОО Қауымдастығының төрағасы:
Әртүрлі рейтингтер бар. Негізгі көрсеткіш жаман емес. Жалпы алғашқы қатарда оншақта университет қатысып жүр, дүниежүзілік рейтингтерге. Бізге неге көңіл бөлу керек? Индекс цитируемость деген бар, басқа ғалымдар пайдалана ма, пайдаланбай ма, соның тізімі дегендей. Соңғы жылдары кедергі болатыны-ағылшынша бізде адамдар аз жазады. Жоқтың қасы деуге болады.
Дос Көшім, саясаттанушы:
Ресейдегі тамаша оқу орындарының төлеп оқитын ақшасынан біздің оқу орындарына төлейтін төлемдері өте жоғары. Шындығында олар рейтинтегі мыңдықта жүрген болса, біз оған кірмей жатып, төлемдерді көтеріп тастағанбыз. Тағы бір мәселе бұл - гранттардың көбеюі, оған қуанамыз, бірақ онымен оқып жатқандар сол білімді қуып жүр ме? Қысқасы осындай кемшілктермен біз халықаралық университеттерге жақын арада қосылуымыз екіталай. Бұрынғы басшылықпен, бұрынғы тәсілмен көркеймейміз. Реформа деген аты бар. Бірақ сол бұрынғы ғалымдар әлі сабақ береді.
Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының басшысы Рахман Алшановтың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасынан тыс, Еуропада білім алушылар артып келеді. Соңғы жылдары жастардың көбі Қытай мен Ресейге де кетіп жатыр. Шығыстағы көршіміздің аумағында қазір 13 мың студент оқиды. Ал Ресей оқу орындарында 67 мың жерлесіміз білім алып жүр. Ресей соңғы екі жылда грантты үш есеге арттырған...
Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».