«Балалар алаңқайы бас ауруымызға айналды». Таразда ойын алаңқайын 30 жылдан бері армандаған тұрғындар осылай дейді. Айтуларынша, 27-ші үйдің ауласында бір де бір бала ойнайтын арнайы орын жоқ. 160 пәтерлі көп қабатты үйде екі жүздей бала бар. Осыншама бүлдіршінге биліктегілер бей-жай қарайды деген бұқара атқамінерлерге айта айта шаршадық деп отыр. Мәселеге Тараздағы әріптесім араласып көрді.
27-ші үйдің ауласында алаңқай атымен жоқ. Балалар бір сәтке бой жазатын орын тәуелсіздік алғалы тұрғызылмапты. Ал, ойын балалары осылай ауланың ақ шаңын шығарып амалдайды. Қара тастан қақпа жасап, доп қуады.
Сарбиназ Тұрайысова, Тараз қаласының тұрғыны:
Мінекей, бала-шағаларды көрдіңіздер шаң-топалаңда ойнайды. Бұларға біз шаң қылдың деп ұрсамыз. Енді мына майда балалармен қыздар далаға шығып демала алмайды. Қашанғы көтеріп жүреді балаларын? Отырып, ойнатайын десең, отыратын отырындықтарымыз да жоқ.
Ақсан Піралиева, Тараз қаласының тұрғыны:
Мырзахметов өзінің орынбасарына, қалалық әкімшілікке жіберді. Міне, жауабы бәрі, шара қолданамыз деген. Мен хабарластым осы бойынша, «қалай біздің шарамыз орындала ма» деп. Осымен төртінші рет жазып отырмыз. Ешқандай орындалмайды, бюджетте ақша жоқ, болды, бір-біріне сілтейді. 7 жыл болды.
Бүлдіршіндер өз аулаларында барынша бой жаза алмағандықтан, бас сауғалап, басқа аулаға баруға мәжбүр. Алайда, бөгде ауланың үлкендері бөтенсіңдер деп қуатын көрінеді.
Біз мына жерде ойнағанда цементке шалынып құласақ, ауырып балалардың бәрі жылап жүреді. Шаңдатсақ, апалар да ұрсады. Басқа газонға барсақ, үлкен балалар ұрысып кіргізбейді.
Ойнайтын алаңқай керек. Орындықтар да керек. Доптарымыз ағашқа ілініп жарылады.
Бүлдіршіндерге ойын қуатын орын керек деп 160 пәтердің тұрғындары қала әкіміне хат жазыпты. Әкімнің кеңесшісі алаңқай салуға әзірге бюджеттен қаржы қарастырылмаған деді.
Гүлбахрам Дүйсекова, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі:
8 спорттық алаңша жоспарланған. Оның бесеуі әмбебап спорттық алаңша, ал үшеуі стрит воркаут. Осы мақсатқа бюджеттен 65 млн теңге бөлінген. №27 үйдегі спорттық алаңша демеушілердің көмегімен салынуы мүмкін. Өйткені бүгінгі таңда қаладағы қалталы азаматтармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Әкімдіктің мәліметінше, қазір қалада 600-ден астам алаңқай бар. Ал, 27 үйдің ауласына алаңқай салу ісі қалталыларға қарап тұр. Ал, жазғы демалыста ауладағы балалар саны бұрынғыдан да басым болары белгілі. Сондықтан балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар, осы жазда алаңқай болса, деп отыр.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ