Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутаттар кәсіпорындардан аванс ретінде алынатын алғы төлемді алып тастау керек деп отыр

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2018
  • 2728

Квазимемлекеттік салаға бюджеттен бөлінетін қаржыны қайта қарау керек. Өйткені олар берілген қаражатты дер кезінде игере алмай отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова мәлімдеді. Оның айтуынша, квазимемлекеттік секторға бюджет қаржысын бөлу механизмін қайта қарау керек.

Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:

Квазимемлекеттік саладағы кәсіпорындардың активтерін тиімді басқару мен оларды бақылаудың жетіспеушілігін көруге болады. Олар бюджеттік ақшаны дер кезінде игермейді. Өкінішке орай, квазимемлекеттік саланың активтерін қалайша тиімді басқаруға болады деген сұрақты жан-жақты қарай алмай отырмыз.

Бюджет қаражатын тиімсіз қолдану фактілері де жыл сайын азаймайды. Есеп комитетнің есебінше, 2017 жылы бюджеттің 508 млрд теңгесі тиімсіз қолданылды. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен екі есе артық. Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин салық төлеушілер салықты өз еркімен, артығымен төлейді деген қаржы министрі Бақыт Сұлтановты сынады. Сөйтіп кәсіпорындардан салықты аванс, яғни алғы төлем ретінде алуды доғару керектігін айтты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Аванс беру немесе бюджетке алғы төлемді төлеу салық төлеушілер есебінен жүргізіледі. Мәселен, тау-кен саласындағы кәсіпорындар корпоративті табыс салығынан шегеріс жасау үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығын көбірек төлеуге тырысады. Салық төлеушілер жыл сайын соммаларды өздері аударып отыр. Егер ол төлемесе, айыппұл салынады.  

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Сіздер тау-кен саласынан аванс алып, оларды әлсіретіп тастадыңыздар. Бюджеттің кіріс бөлігін 82 млрд теңгеге артығымен орындапсыздар. Алайда артығымен орындау желтоқсан айының екінші жартысында түскен салықтар есебінен, яғни болашақ салықтар есебінен болып отыр. Өз мақсаттарыңызға жету үшін, сіздер кәсіпорындардың әлі қол жеткізілмеген көлемі мен саудасына салық салу арқылы, айналымдағы ақшасын сыпырып алып отырсыздар. Асқар Ұзақбайұлы, Премьер-министрге жеткізіп, нормативті-құқықтық акт жасап, аванс алуға тыйым салыңыздар.