Русский Сайттың толық нұсқасы

Денсаулық сақтау министрі Алматы мен Алматы облысындағы ауруханаларды аралады

  • AstanaTV
  • 06 маусым 2018
  • 2932

Шұғыл медициналық көмек барлық азаматқа дереу көрсетілуі керек. Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерді осыған міндеттейтін бұйрық шығатынын мәлімдеді. Алматыға түнделетіп барған министр ауруханаларды аралады. Аудандарда науқастардың дәлізде жатқанын көрген ол жатын орындар бөлуді тапсырды. Олжас Нұржақып әңгімелейді.

Меңдеген менингит медицинамыздың кемшілігін көлеңкеден шығарғандай. Оған мегополиске жақын маңдағы ауруханаларды аралаған министрдің жұмыс сапары дәлел. Түн мезгіліне қарамастан, Елжан Біртанов Талғар мен Есік қаласындағы емхананың есігін қақты. Ал бүгін Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасына барды. Ал ол жерде адамдар аурухананың дәлізінде ем алып жатыр.

Вы думаете лучше в коридоре? В этом специализированная ваша помощь? Есть у нас такой стандарт в здравоохранении, который говорит, что больных в коридоре надо лечить? 

Мұнан кейін мегаполистегі балалар мен ересектерге арналған ауруханаларды да барып көрді. Министр бармағанда, Қаскелеңдегі инфекциялық емхананың қай уақытқа дейін тұратыны белгісіз еді.

Елжан Біртанов жағдайды көзбен көрген соң жауып, құзырын аудандағы орталық ауруханаға беруді тапсырды. Ал денсаулық сақтау басқармасының жұмысын жеткіліксіз деп бағалады. Өткен жылы жедел емді қажет ететін науқастарға дереу көмек көрсету бұйрығы шықса да, бұл талап орындалмай келген, - деді министр. Онда науқастың тұрғылықты жері мен азаматтығы ескерілмейтіндігі жазылған.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Жергілікті билікпен бірлесе тағы да ішкі қызмет бұйрығын әзірледік. Яғни науқастың мекенжайына, азаматтығына қарамастан, жақын маңдағы ауруханада қажетті ем-дом көрсетіледі. Жағдайы қалыпқа келгеннен кейін ғана, тұрғылық тіркеуіне байланысты өзге ауруханаларға алып баруға болады. Осы бұйрықты жұмаға дейін бекітеміз.

Ал Алматы көшелерінде медициналық маска кигендерді көріп-ақ жұрт үрейін байқауға болады. Мұны оңтайлы пайдаланғандар оның құнын қымбаттатып жіберген. Біртанов оған былай деп жауап берді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Маскалар мен басқа дәрі-дәрмектер жекеменшік түрде сатылғаннан кейін, бізге ондай құқық жоқ бағасын реттеуге, бақылауға. Бірақ Елбасының тапсырмасы бойынша біз осындай заң әзірледік. Қазіргі күнде біздің Парламентте қарастырып жатыр.

Соңғы статситикаға жүгінсек, аталған жұқпалы аурумен анықталғандар саны артқан. Қазір бұл цифр 59-ға жетті. Ал оның ішінде көз жұмғандар 13 адам. Оның алтауы - 14 жасқа толмаған бала. Қарым-қатынаста болғандары төрт мыңның төңірегінде.

Ал менингитке қатысты дереу ашылған республикалық колл орталыққа кешелі бері 700-дей қоңырау шалынған. Көбі Астанадан хабарласқан. Барлығы аурудың белгілері мен сақтану жолдарын сұрапты.

Олжас Нұржақып, тілші:

Министр вакцина салып әуре болмауға шақырды. Өйткені елде эпидемия жоқ дейді. Ал вакцина алсаңыз, ол 3-4 аптадан кейін ғана әсер етеді. Елдегі бар екпенің өзі тек аурудың А түріне арналған.

Олжас Нұржақып