Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар тұрғыны мемлекеттік қызметкерге "Рафаэлло" сыйлағаны үшін жарты миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс

  • AstanaTV
  • 06 маусым 2018
  • 2606

Қызылжар тұрғыны мемлекеттік қызметкерге қораптағы шоколад сыйлағаны үшін жарты миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс. Бүгін сот осындай шешім шығарды. Мемлекеттік кіріс департаменті ақпан айында азық-түлік дүкенінің иесіне алкогольдік ішімдіктерді сатуға бір айға тыйым салған. Ветоның мерзімі халықаралық әйелдер күні қарсаңында аяқталды. Наурыздың жетісі күні жеке кәсіпкер лицензияны қайта алуға барған кезде салық қызметкерлеріне қораптағы кәмпитті сыйға тартқан. Іскер бұл әрекетін арам пиғылмен емес,  шын көңілмен жасағанын айтады. Алайда, сала мамандары кәсіпкердің сыйлығын қабылдамай, оны жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне апарып тапсырған. Артынша кәсіпкердің атына әкімшілік хаттама толтырылып,  іс сотқа жолданған. Сараптама қорытындысы бойынша тарту етілген кәмпит 600 теңгеге бағаланған. Сот дүкен иесінің әрекетін заңсыз деп шешіп, оны жарты миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Айта кету керек,  бұл оқиғаға ұқсас жемқорлыққа қатысты әкімшілік істер соңғы екі жылда тіркелмеген.

Асламбек Көшенов,  Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы:

ҚР Әкімшілік-құқықтық кодексінің 676 бабына сәйкес, Петрова мемлекеттік функцияларды атқарып жатқан адамға сыйлық бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,  яғни 481 000 теңге айыппұл төлеуі тиіс. Егер де Петрованың сыйлығы 2 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда бұл іс қылмыстық сотта қаралар еді.

Жеке кәсіпкер:

Мен әйелдерді құттықтайын деп, сыйлықты шын ниетпен бердім. Сондықтан өзімді кінәлі деп санамаймын. Апелляцияға арызданамыз. Менің айыппұлды төлейтін ақшам да жоқ. Себебі кәсібім онша табыс әкеліп жатқан жоқ.