Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық ата-аналар кадет мектебінің жабылуына қарсы

  • AstanaTV
  • 07 маусым 2018
  • 3442

Павлодарлық бұқара өңірдегі жалғыз кадет мектебінің жабылуына қарсы. Жуырда мекеме басшысы әскери мамандандырылған мектеп-интернаттың экономикалық тиімсіздігін айтып, жұмысы тоқтайтынын мәлімдеген. Қазіргі уақытта жаңа оқушыларды қабылдау ісі жүргізілмейді,-дейді мұғалімдер. Бала саны азайса, ұстаздардың сағаты да қысқармақ. 20 жылға жуық дүрілдеп тұрған білім ордасының айналасындағы шуды әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы зерделеп көрді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодарда 20 жылға жуық тарихы бар кадет мектебі жабылып қалуы мүмкін. Бұл хабарды естіген ата-ана не істерін білмей дал. Амалы таусылған бұқара Елбасына хат жазып, оған 70 адам қол қойыпты. Отыз жылға жуық әскери қызметте болған Юнус Таиров баласы кадет мектебін таңдағанда қуанғанын айтады. Өз күшімен оқуға қабылданған ұлы болашақ өмірін әскери қызметпен байланыстырмақ болған. Мектеп жабылады дегеннен бері дегбірім қашты, дейді ол.

Юнус Таиров, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мен өзім офицермін. Сондықтан, балама қарап, мұнда қандай тәрбие алғанын, қалай өзгергенін айта аламын. Оқу үлгерімі де, тәртібі де жақсарды. Шынын айтсақ, қаладан талайды көріп жүрміз ғой. Ал, бұл жерде ұлдарымыз дені сау, елінің патриоты болып өсіп жатыр.

Өңірдегі әскери мамандандырылған мектеп-интернат 1999 жылы құрылған. Әуелде мұнда ұлдармен қатар, қыздар да оқыпты. Бірақ, екі жыл болды тек ер балалар 10-шы сыныптан қабылданып жүр. Биылғы оқу жылында 87 курсант білім алған. Оның 42-сі түлек. 

Асан Рахметуллин, Павлодар облыстық әскери мамандандырылған мектеп-интернат директоры:

Мектепті бітірушілер, өкінішке орай, әскери салаға бармай жатыр. Үкімет ақша бөледі. Бюджетіміз 100 млн, 15 млн-ы тамаққа дегендей. Жатуы бар. Бірақ, 50 пайызы ғана ең жақсы жылдары түсті. Одан әрман қарай, мысалы 70% түсті деген мүлдем жоқ.

Осы тиімсіз көрсеткіш мектептің жұмысына кері әсер еткен көрінеді. Әйтсе де, келешегін елдің қорғаныс бағытына арнағандар жоқ емес. Мәселен, былтырғы 42 түлектің 15-інің қалауы әскери білімін жетілдіру болған.

Сәндігүл Аханбаева,  Павлодар облыстық әскери мамандандырылған мектеп-интернат мұғалімі:

Оның төртеуі Ресейге болса, біреуі Турциядағы Анкара қаласындағы жаяу құрлық әскеріне оқуға түсіп, қазір оқып жатыр. Қазіргі кезде 35 оқушы өтініш түсірген. Ол тек қана өтініш түсіргендер. Ал телефон, мына ККП-да біздің қабылдау пункті, сонда звондап жатыр екен, бірақ оларды қайтарып жатқан көрінеді. 

Ал білім басқармасы дәл қазір кадет мектебі жұмысын тоқтату мәселесінің жоқтығын айтты. Бірақ, мекеменің сапалық құрылымын өзгерту ісі қарастырылып жатса керек. 

Дінислам Болатханұлы, Павлодар облыстық білім басқармасының басшысы:

Биыл мектепке қабылдау мәселесі қажетті ме, жоқ па деген мәселе көтеріліп, қазір оны біз қарастырудамыз. Бірақ, ол жайында нақты шешім қабылданған жоқ. Біз қазір қорғаныс министрлігі, ішкі істер министріліне шығып, осы мектепке қандайда бір әдістемелік көмек көрсету жағынан менторлық алу мәселесін қоюды жоспарлап отырмыз.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бар гәп жүргізілген аудиттік тексерістен басталған. Оған сай мектептің мақсаттық ұстанымы орындалмаған. Яғни, көп кезекте түлектер әскери қызметті емес, басқа мамандықты таңдайды екен. Сондай-ақ, курсанттардың оқу үлгерімі де сын көтермейді,-дейді шенділер.

Әсемгүл Мұхитқызы