«Мисс Америка» конкурсына қатысушылар сахнаға енді суға шомылғанда киетін костюм дейміз бе, сонымен шықпайды. Байқаудың философиясы өзгереді екен – бұдан былай АҚШ-ң ең әдемі қызы болғысы келетіндерді сыртқы бітіміне қарап таңдамайды. Конкурстың ұйымдастырушылары енді сұлулық конкурсы емес, ақыл байқауы өтетінін айтқан. «Суға шомылғанда киетінмен шығатын турдың орнына бойжеткендерден бірнеше интервью алынады, олардың ішкі болмысын ашуға тырысамыз, нақ соны - қандай адам екенін таразыға саламыз», деген олар. Бұл өзгерісті конкурстың қамқоршылар кеңесін басқаруға келген, кезінде «Мисс Америка» болған Гретчен Карлсонмен де байланыстыруға болатын сияқты. Ол әйелдер құқын қорғаумен белсенді айналысады. Екі жыл бұрын Fox News –тің негізін қалаушы Роджер Эйлсті «зорламақ болды» деп, сотқа берген. Эйлс болса, тележүргізуші болған Гретчен келісім-шартты созбай қойғаным үшін кек алып жүр, деді. Алайда компанияда істейтін тағы бірнеше әйел дәл солай айыптағасын, қызметінен бәрібір кетті. Эйлс былтыр 77 жасында қайтыс болған. Ал сот телеарна кіретін компанияны Гретченге 20 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеген.