Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда елдегі алғашқы азаматтық орталық ашылды

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2018
  • 6756

Қазақстандағы тіркелген 8 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым талапқа сай жұмысын жүргізіп отырған жоқ. Бұл туралы бүгін Атырауда ашылған азаматтық орталықтың жұмысымен танысқан Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев айтты. Ал Атырауда тіркелген 500-дей ұйымның 100-ден астамы ғана белсенді. Министр енді оларды қайта тіркеуден өткізу қажет деді.

Бұл - Атырауда ел аумағы бойынша алғашқы азаматтық орталық. Мақсаты - үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы өзекті проблемалармен күресуіне қолдау білдіру. Үкімет жыл сайын мемлекеттегі үкіметтік емес ұйымдарға 19 млрд теңге көлемінде әлеуметтік тапсырыс беріп отыр. Мұнан бөлек 5 млрд теңгеден астам шетелдік гранттар бар. Осыны еске салған министр Дархан Кәлетаев ендігі талап - тапсырыстардың сапалы орындалуы деді. Айта кетейік, бүгінде республика бойынша 30 мың адам аталған ұйымдардақызмет етеді. Бұл - аз көрсеткіш.

Асылбек Қожахметов,  Қазақстанның азаматтық альянсы президенті:

Бұл тәжірибені басқа аймақтарға да енгізетін боламыз. Мейлі басқа облыс басқаша жасайтын шығар. Бірақ бастысы, үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты орны болуы керек. Гранттарға қатысуы, бұл салаға білікті мамандардың келуі және оның аясының кеңеюі маңызды. Мәселен, дамыған елдерде: Голландияны алсақ, халқының 15 пайызы азаматтық, коммерциялық емес салада жұмыс жасайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,3 пайызды ғана құрайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі мұнан соң әкімдікте өткен жиынға қатысты. Азаматтық қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен отырыс ашық пікірлер алаңына айналды. Әсіресе азаматтық қоғам белсенділері проблемаларын ортаға салып, ұсыныстармен бөлісті. Бизнес құрылым өкілдері де үздік жобаларды қолдауға әзірміз,- дейді.

Әсем Сәтмұхамбетова, Халықаралық жастар қоры өкілдігінің директоры:

Атырауда азаматтық орталықтың ашылуы өте маңызды. Әрі дер кезінде ашылды деп есептеймін. Өйткені, тәжірибелермен бөлісетін алаң болу маңызды. Азаматтық орталықтың мақсаты - үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің бастарын қосып, оларды өтінімдерді қалай сауатты толтыру, қаржыландыру, жоспарлау мәселелерін үйретеді. Біз өз кезегімізде жоба менеджменті, жүзеге асқан жобаға мониторинг жасау, бағалау, кадрларды дайындау секілді бағытта тәжірибемізбен бөлісуге әрқашан дайынбыз және осы бағытта жұмысымызды бастап кеттік. 

Айта кетейік, бүгінде әр өңірдегі әкімдік жанынан құрылған қоғамдық кеңесте 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Енді олардың да жұмысы жаңаша қарқын алмақ. Қызметтерін бір жүйеге салу жоспарланып отыр. Министр Дархан Кәлетаев Мәжіліс пен Сенат мақұлдаған «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заң жобасына Елбасы қол қойса, үкіметтік емес ұйымдар қайта тіркеуден өтіп, мемлекеттік тапсырыс стандартқа сай жүргізу талабы қойылатынын айтты.