Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық шенеуніктің ісі сотта қаралды

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2018
  • 2292

Оралда Бөрлі ауданының бұрынғы әкімі Қайырғали Имашевке қатысты сот процесі басталды. Оған қару-жарақты үйінде заң талаптарына сай сақтамаған деген айып тағылды. Экс-шенеуніктің салғырттығынан кәмелетке толмаған жеткіншек оқыста оққа ұшып, мүгедек болып қалды. Сот кезінде жәбірленуші тарап моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге талап етті. Және материалдық шығыны үшін 230 мың теңге берілуін сұрады. Кінәсін мойындаған айыпталушы  ойлану үшін бір апта мұрсат сұрады. Оның айтуынша, үйде ересектердің қарауынсыз қалған балалар сейфтің кілтін тауып алып, мылтықты рұқсатсыз алған. Оқтаулы тұрған мылтық атылып, оқ балаға тиеді. Жұлыны зақымдалған жеткіншек қазір өздігінен қозғала алмайтын күйге түскен.

Есенгелді Бимағамбетов, жәбірленуші:

Бұл жерде қару-жарақты үйінде сақтаған адам кінәлі. Кезінде лауазымды орындарда жұмыс істеген адам этиканы білуі керек қой. Кешірім сұрап алдымыздан өткен де жоқ. Баланы емдетуіміз керек.

Еске салайық, оқыс оқиға қаңтар айында болған. Оралда бір оқушы абайсызда оққа ұшқан еді. Туған күнін тойлап жүрген жеткіншектердің бірі аулада мылтық атамын деп құрдасын атып салған. Осы оқиға бойынша «Абайсызда денсаулығына зақым келтіру» бабымен іс қозғалды. Қару иесіне 750  мың теңге көлемінде айыппұл салынуы немесе 75 тәулікке қамалуы мүмкін.