Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде тұрғын үй саудасы 20 пайызға артты

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2018
  • 3623

Елде тұрғын үй саудасы 20 пайызға артты. Пәтер саудасы Астанада қызып тұр. Бұл туралы Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті айтты. Ал тұрғын үй құны былтырғыдан 2 пайызға өскен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мамыр айында Астанада баспана алуға сұраныс артқанымен, Алматыда әлдеқайда бәсеңдеп қалған. Бұл өзгеріс немен байланысты? Тұрғын үй нарығындағы баға қандай?

Алматы мен Астанадағы тілшілеріміз байланыста. Алдымен астаналық тілшіміз Диана Сапарқызына сөз берейік. Диана, Астанада сауда-саттық көбейген. Мұны мамандар немен байланыстырады?  

Диана Сапарқызы,  тілші:

Рахмет, Лейла. Соңғы кездері Астанада пәтер сатылымы жоғарылаған. Қазір ай сайын 2 мыңға жуық пәтер сатылады. Елордадағы риэлторлық компаниялардың бірі үй сатып алушылардың 70 пайызы ипотека рәсімдейтіндерін айтып отыр. Яғни жұртта қолма қол алатын ақша жоқ. Ал сатылым көлемінің ұлғаюын маусымдық кезеңмен байланыстырады.

Азиза Асанова,  риэлторлық компания маманы:

Қазір бизнес санатындағы пәтерлерге сұраныс жоғары. Бағасы жоғары болғанымен, ол қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етеді. Одан кейін эконом, комфорт санаттағы үйлер сатылады. Негізінен екінші нарықтағы үйлер өтіп жатыр.

Статистика комитетінің ақпарынша, мамырда елдегі тұрғын үй шаршы метрінің орташа құны 264 000 теңгеге өскен. Баға Астана, Алматы, Атырау қалаларында біршама артқан. Ал арзан пәтерлер Тараз, Петропавл, Қызылордада.

Әсет Рашидов,  ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің бас сарапшысы:

Ағымдағы жылы қаңтар-мамырда республика бойынша жаңа тұрғын үйлердің орташа сату бағалары 1,4 пайызға өсті. Мамыр айында жаңа тұрғын үй нарығындағы бір шаршы метрдің ең жоғарғы бағасы 335 613 теңге Астана қаласында тіркелді. Содан кейін Атырау қаласында 326 253 теңге және Алматы 325 983 теңге.

Диана Сапарқызы,  тілші:

Ал өткен жылғы қарағанда баға 2 пайызға артқан. Мұны сатистика мамандары айтып отыр. Ришат, Алматыда баспана бағасы қымбаттаған ба? Сауда-саттық неге азайған?

Ришат Асқарбекұлы, тілші: 

Иә, Диана. Алматылық жылжымайтын мүлік сарапшылары соңғы 1,5 жылдан бері бағаның тұрақты екенін айтады. Кеңес заманында салынған үйлердің құны кейде құбылатын көрінеді. Ал жаңа салынып жатқан баспаналар нарығында пәтер құны бірқалыпты. Айтарлықтай өсім байқалмаған. Ал Алматыдағы сауда-саттықтың азаюы да қалыпты құбылыс дейді риэлторлар. 

Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті:

Алматыда сәуір айында келісімшарттар 42 пайызға көп болса, мамырда 10,7 пайыз деңгейін кеміп кеткен. Бұл нарықта қалыпты құбылыс. Биылғы 5 айды былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда елде сауда-саттық 19,4 пайызға артты. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында қозағылыстың қалыпты екенінен хабар береді. Соның ішінде Астанада өсім 20 пайызға артқан.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бүгінде халық "7-20-25" бағдарламасының іске қосылуын күтіп отыр, дейді сарапшылар. Бұл да елде пәтерлерге деген сұраныстың біршама азаюына себеп. Жұрт қандай да бір өзге шешімдер қабылдауға бекіне алмай отыр деген жорамал бар. Себебі жаңа ипотекалық бағдарламаның жүзеге асуы тиімдірек болады деген сенім басым. Ол тек жаңа салынған үйлерді қамтығандықтан, жалпы нарыққа теріс әсері болмауы керек, дейді мамандар. Ал баға қазіргіден өспейді деген сенімде. Ләйлә...

Рахмет, әріптестер! Студиямен байланыста болған тілшілеріміз Ришат Асқарбекұлы мен Диана Сапарқызы.