Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістанның бас жоспары жаңадан жасалатын болды

  • AstanaTV
  • 15 маусым 2018
  • 7051

Түркістан қаласының бас жоспары қайта әзірленеді. Рухани астананы облыс орталығына айналдыру үшін күзде құрылыстар басталмақ. Қала әкімі Тәжібек Мұсаев осылай деді. Тілшіміз Айзада Төребекқызы Түркістанға арнайы барып келді. Айзада, шаһарда қандай өзгерістер болады?

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Ия, Ләйлә. Қазір Түркістан қаласының аумағы 19 мың гектарды құрайды. Енді ол 35 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Облыс орталығы болуы мүмкін Түркістанның жаңа жоспарын жасауға Астана мен Алматыдан, тіпті шетелден сәулетшілер шақыртылыпты.

Шаһар солтүстік-шығысқа және оңтүстік-бағытқа қарай созылмақ. Ең бастысы - Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің келбеті жабылып қалмауы ескерілу керек. Сәулетшілер осыны ескермек. Қала әкімі Тәжібек Мұсаев барлық жұмыстар ретімен жүргізілетінін айтты. 

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласының әкімі:

Егер облыс орталығы ертең болып жатқан жағдайда, 2018-2020 жылға қарай бірінші кезеңі, екінші кезеңі 2020 жылға қарай толық Түркістан облыс орталығы ретінде құрылыстарының бәрі салынып бітуі керек. Сондықтан сол бағытта қазір жұмыстар жүріп жатыр. Әрине, бізден қазір 25 басқарма бар екен облыстық, одан бөлек отыз шақты департаменттер бар республикалық бағыныстағы. Олардың бәрі бірден көшіп келген кезде қиындық тудырады.

Түркістандағы халық саны 260 мыңның үстінде. Негізгі күнкөрісі  - ауыл шаруашылық саласы. Бюджеттің 40 пайызы осы салаға тәуелді. Бұдан бөлек, мұнда сауда-саттық жақсы дамыған. Дегенмен кәріз жүйесі, ыстық су секілді қажеттіліктер жоқтың қасы. Егер облыс орталығына айнала қалса, тұрғындар бірқатар өзекті мәселе шешілер деген үмітте.

Шахла Ахмедова, Түркістан қаласының тұрғыны:

Қазір көпшілік осы базардан әйтеуір бір неғып жатыр ғой, оқу бітірген балалар жұмыссыз жүр қазір, жан -жақа қалаларға стройкаларға кетіп жатыр. Облыс орталығы болған жағадайда, жұмыс көбейетін шығар деген үмітіміз бар енді.

Қазір қаланың қас-келбетінің тұжырымдамасын жасау үшін Астана мен Алматыдан, тіпті шетелдерден архитекторлар келген. Күзден бастап шаһарда құрылыс жанданбақ.

Айзада Төребекқызы, тілші:

1500 жылдық тарихы бар көне шаһар облыс орталығына айналса, тағы нендей өзгерістер болады? Қала қалай түрлейді? Киелі Түркістан қанша адамға пана болмақ? Бұл жайында ертең «Біздің уақыт» апталық-сараптамалық бағдарламасында тарқатып айтатын боламын. Ләйлә.

Тарихи қаламыздың қалай гүлденетіні барша қазаққа қызық болар. Сондықтан тілшіміз Айзада Төребекқызының материалын ертең, сенбі 20-00-де, өткізіп алмаңыздар.