Русский Сайттың толық нұсқасы

Брюссельдегі терактілер

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2016
  • 1608

Терроризмнің жақындап келе жатқаны өте қорқынышты. Бірақ сонда да Брюссель – әдемі қала. Өмірімізді террористердің билеуіне жол бермейміз, - дейді, бельгиялықтар, Брюссельде осы аптада болған терактілерден соң. Алайда ең қорқыныштысы, «теракт» дегеннің көзді алақандай еткізбейтіндей болғаны...

Енді бір-екі деталь. Брюссельде өзін жарған терроршылардың бірін  былтыр жазда түріктер Сириямен шекарасының тұсында ұстаған. Ибрагим әл -Бакрауи есімді Бельгия азаматы Сириядағы террорлық ұйымның қатарына қосылу үшін Шам еліне өтпек болған. Ресми Анкара Ибрагим әл -Бакрауидің қолына кісен салып, Бельгия билігіне тапсырған. Алайда, бірнеше күннен соң Бельгияның құзырлы мекемелері «Ибрагимнің террорлық ұйым – ДАИШ-ке еш қатысы жоқ»- деп босатып жіберген... Ал "таза" деген "азаматы" сегіз айдан кейін Брюссельдің әуежайын қанға бояды.

«Соңғы 4 айда Еуропаның екі мемлекетінің астаналарында 160 адамның өмірін қиған террорлық ұйымды жою жолындағы тізбектелген қателіктердің жаңасы осы»,- деп жазды, The Wall Street Journal

Ал осы аптадағы террор Бельгияның атом электр станциясыларының бірінде болуы мүмкін еді. Себебі Бельгияның ядролық бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу орталығы директорының үйінің алдына терроршылардың камера орнатып, бейнебақылау жүргізгеніақпан айында анықталып, Бельгия өкіметі атом электр станцияларын күзетуге қосымша күш жіберген еді.

Анығы - терроршылардың масқара күшейгені. Ләйлә Қазияқпарова жалғастырады.

Осы аптада Бельгия қайғы жұтты. Ел торроризмнің құрбаны болған 31 азаматынан айырылды. 250-ден астам адам  жараланған. Соңғы ресми дерек осындай.  22-ші Наурызда, ел кіндігі Брюссельде бір емес бірнеше жарылыс тіркелді.  Алғашқы екеуі 1 минут инетрвалмен халықаралық  әуежайда ұйымдастырылған. Мына кадрларда үрей жұтып, жанын шүберекке түйген халықтың сыртқа ағылғаны:

Бейнеқыстырма

Бір сағат өтер-өтпестен «Мааэльбек» метросынан кезекті қуатты жарылыс естілді. Метро ЕуроОдақ штаб пәтеріне 500-ақ метр жерде  орналасқанын да айта кету керек.  Ел билігі бірден террорлық шабуыл қаупі шекті деңгейге жетті деп дабыл қақты.Бірінші кезекте корольдің жанұясы эвакуацияланды. Әлбетте, Еуропалық шенділердің барлық ресми,  бейресми кездесулері шегерілді. Ал, бұқараға үйден шықпауға кеңес берілді. Түс ауа Бельгия Прокуроры Фредерик ван Лёв «бұл  террорлық әрекет» деп кесіп айтты.  Артынша, ДАИШ шабуылдарды өз мойнына алады.

Бұл өмір емес. Қашанға дейін төземіз, білмеймін. Бұрыш-бұрышта әскерилер мен полиция. Қорқынышты. Елге әр түлі адамдарды кіргіземіз. Бәрінің ниетіжақсы емес. Емін-еркін өмір сүрге недік. Қазір кез-келген сыбдырдан зәреміз ұшады.

¤

Мектептен үйге келе жатқанда бүкіл аудан қоршауда екенін көрдім. Маған бұл жерде арнайы операция өтіп жатқанын айтты. Баспаналарыңнан шықпаңдар деді. Қорыққанымыздан таң атқанша тырп етпедік.

¤

Жергілікті полиция  әуежайдағы  видео жазба арқылы жанкештілердің атын атап, түсін түстеп берді.  Олар ел астанасында  тұрып келген ағайынды Халид және Брахим Бакрауилер. Наджим Лаашрауи,  полициядан сытылып кеткен тағы бір содыр. Артынша ол да қолға түседі. Кейбір Батыс ақпарат құралдары ДАИШ лаңкестері шабуылдарды Бельгия билігіне ызаланып жасағанын жазады. Өйткені ресми Брюссель Сириядағы атнитеррорлық коалицияны белсенді қолдауға көшті.2014 жылдан бері бақылаушы позициясында болған ел, Париждегі террорлық әрекеттерден соң топтың көзін құртуға  әрекет ете бастады. Сирияға әскери ұшақ жөнелту жайын жиі айтатын болған. ДАИШ осыған шүйлікті деген ақпарат бар. Тағы бір басылымдар шабуылдарды  жақында  қолға түскен Салах Абдесаламның тұтқындалуымен байланыстырды. Ол қараша айындағы  Париждегі шабуылдарды ұйымдастырды деп айыпталған. Бір "қызығы", Бельгияда Абдесаламды тұтқындаудың  арты қайғыға соқтыратынын білген. Әйтсе де, тиісті шараларды қабылдамағанға ұқсайды. Сайып келгенде Еуропадағы құқық қорғау саласы қауіп-қатермен күресуде дәрменсіздігін аңғартып қалды. 

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Жалпы Еуропада қадам басқан жерде видео тұр, сонымен бірге бұл еркін қоғамдарда нарықтық, құқытық мемлекет, жеке бастың ісіне араласпау керек дегендей. Сондықтан құқық қорғау және арнайы қызметтер ісі шектеулі. Меніңше терроризммен күрсете оларға қосымша еріктер беріледі. Мысалы тыңдау, поштаны қарау, араларына агент жіберу. Бұл жұмыс ойдағыдай болмағанға ұқсайды. Әйтпесе, олар Бельгияда жарылыс болатынын білген, оның алдында Парижде де жарылыс болатынын білген. Соған қарамастан ойдағыдай шаралар қолданбаған. Бірден таппаған. Кейбір жағдайда террористерді тоқтатып, әңгімелесіп, қоя берген кездері болған, ештеңке емес дегендей. Яғни селқостық жұмыс істеген.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

БАҚ-да пайда болған мәліметтерге қарағанда, лаңкестер Еуропаның басқа елдерінде де теракт әзірлеп жатқаны белгілі еді. Бұл елдер қатарында Бельгия да болған. Халықаралық ұйымның штаб пәтері осында орналасқандықтан таңдау Бельгияға түсті деп кесіп айтуға болмайды.  Өзге де себептер баршылық.

Өзге себептердің ішіндегі ең алаңдатарлығын La Derniere Heure анонимді дерек көздеріне сілтеме жасап жария етті. Басылымның жазуынша, Халид пен Брахим аль-Бакрауи Бельгиядағы екі атом электрстансаларын жармақ болыпты. Алайда экстремисттер белгілі-бір кедергілерге тап болып, көп ойланбастан халық көп шоғырланған жерлерді таңдаған,-делінген мақалада.

Бір анығы Еуроппаға келген қауіп-қатер миграциялық саясаттың"жемісі". Біріншіден, ЕО түбегейлі теріс әлеуметтік саясатты ұстанып отыр. Пана іздеп ағылған босқындарды жұмысқа жегудің орнына, масыл қылып артып алғандары үлкен қате,- дейді сарапшылар.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Араб мемлекеттеріндегі жағдай түзелмей жатыр. Ливиядағы жағдай анау. Халықтың ниеті бұзылған.  Мәселе тек қана әсіре діншілдікте емес, мемлекетке сенушілік. Жұмыс істемей ақша аламыз еуропада дегендей. Олар бізді асырау керек деген. Өз мемлекетінен қайыр көрмеген адамдар, Еуропа мемлекетінің есебінен тұрмыс құрғысы келеді.

Брюссельдегі террорлық әрекеттерден кейін ЕО шұғыл отырыс өткізді. 28 елдің басшылары терроризмге қарсы күш біріктіру арқылы «Брюссельге жасалған шабуыл, Еуропаға жасалған шабуыл» екенін уағыздауға тырысып бақты. Австрия Ішкі істер министрі Йоханна Микль-Ляйтнер мигранттар ағымын тоқтату керек деп отыр. Алғышарты ретінде «Болгар-Түрік» шекарасын жабуға кеңес берді. Отырыстың нақты қортындылары әлі белгіссіз. Билік кеселмен күресіп жатқанда Бельгия халқы ақырындап ес жия бастады. Үш күндік аза тұту уақыты өткен соң, жұрт амалсыз жұмыстарына кірісті. Қазір олар қоғамға сіңіспеген босқындардан үрейленіп күн кешуге мәжбүр.

Ләйлә Қазияқпарова, «Біздің уақыт».