Астанада жолақы жайы тағы көтерілді. Қымбатшылық қала ішіндегі бағыттардан бөлек, шахар маңындағы елді мекендерге қатынайтын жолаушыларды да айналып өтпейтін сыңайлы. «Bus километр» жобасын іске асыру арқылы адамдардан жүрген жолына қарай ақы алу жоспарланған. Жолақыға байланысты халықты тағы қандай өзгерістер күтіп тұр? Мұны Сабина Мәдиқызы білуге тырысты.
Жолақы құнын көтеруге әкімдік білек сыбана кіріскендей. Шенеуніктер «Bus километр» жобасын толықтай енгізбекші. Яғни қала сыртына қатынайтын жолаушылар әрбір шақырым үшін ақы төлейтін болады. Мәселен, Астанадан 15 шақырым жерде орналасқан елдімекенге 1 жолаушыға 180, 15-тен 30 километрге дейін 400, 30 бен 45 шақырымға 600, 45 тен көп болса, 800 теңге төлейді. Шахар ішіндегі бағыттарда да баға өзгереді
Бекмырза Игенбердинов, «ASTANA LRT» ЖШС басқарма төрағасы:
Карта бойынша төлем жасайтындарға тариф 90 теңге, ал бір реттік билетпен жүретіндерге 180 теңге. Экспресс бағыттарда 250 теңгені құрайтын болады. Осылай ету арқылы жұртты электронды билетке көшіреміз.
Әкімдік өкілдері мұның себебін сұйық отын мен өзге де шығындардың қымбаттығымен түсіндірді. Елордада жолақы құны соңғы 4 жылдан бері өзгермепті. Қоғамдық көліктерге жауапты компания жыл сайын бюджеттен миллиардтап субсидия алады. Бірақ сонда да ақша жетпейтінін айтуда. Тасымалдаушылар автобусты жөңдеуге қажет бөлшектер құны аспандап тұр, жолақыны өсіруге мәжбүрміз дейді. Мұнымен әрине, тұрғындар келіспейді.
Көп балалы отбасылар бар, жағдайы жоқтар бар, ол қымбатқа түседі, менің ойымша.
Қой мынау ұят. Бөтен мемлекеттен ұят, бөтен адамдардан ұят. Бізде бензин көтерілсе, бәрі көтеріледі. Бензин түссе де, бәрі тоже көтеріледі бәрібір. И так же продукты. Бүкіл нәрсе
Сондай-ақ келесі айдың соңына дейін автобустардағы кондукторларды алып тастау жоспарланған. Жолға ғана жауапты болып келген жүргізушілер енді картасы жоқ жолаушылардан ақшаны да жинап үлгеруі керек.
Рахматолла Мүслімов, жүргізуші:
Халық қолындағы бар карточкасын қоймайды ғой мына жерге. Кондуктордың айқай-шуымен қояды. Ал ертең кондуктор болмаса, мен салондағы 100 адамның карточкасын қойдырмаймын ғой. Өздері келіп қою керек. Соған бірінші халықты үйрету керек. Оған үйретпей, кондукторларды ала алмайды. Ол мүмкін емес. Автобусты жүргізіп келе жатып, мен каждый пассажирмен қырылып отырмаймын ғой. Мен алдыма қарауым керек.
Кондукторлардың пікірі де осыған саяды. Жүргізушілердің жолақыны жинап үлгермейтінін олар да айтып отыр. Өйткені жолаушыларды жіті тексеріп тұрмаса, арасында ақша төлемей шығып кететіндері өте көп көрінеді.
Сабина Мәдиқызы, тілші:
Қоғамдық
тыңдау отырысының қорытындысына қарағанда, жолақы ақыры қымбаттайды. Мәселе,
тек қашан енгізілетінінде болып тұр. Әйтсе де тасымалдаушылар бұл мәселені әлі
жыл соңына дейін талқыға салады. Сондықтан жолақы дауы енді қызып келеді.
Сабина Мәдиқызы