Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ақтөбе» футбол клубының ахуалын түзеу үшін қосымша қаржы бөлінеді

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2018
  • 4750

«Ақтөбе» футбол клубының ахуалын түзеу үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді. Алайда қаражат көлемі әлі нақтыланбаған. Бұл туралы клуб директоры Самат Смақов мәлімдеді. Бұған дейін командадан шет елдік легионерлердің кетіп жатқаны туралы да ақпарат тараған болатын. Клуб жетекшісінің сөзінше, олардың кетуіне  қаржы тапшылығы себеп емес, өз еріктерімен  өтініш берген көрінеді. 

Қазақстанның "Бес дүркін чемпионы" деген дардай атағы бар «Ақтөбе» футбол клубы соңғы жылдары шырғалаңнан шыға алмай жүр. Екі жылда клубтың ойыншылар алдындағы қарызы миллиондаған теңгеге жеткен. Осы жағдайға байланысты бірнеше рет сот процесі де өткен еді.

Командадағы күрделі жағдайға жанкүйерлер де бей-жай қарамайды. «13-інші сектор» деп аталатын топ мүшелері бұған дейін клубты қолдау үшін қаржы жинауға дайын екенін мәлімдеген. 14 жылдан бері «Ақтөбеге» жанкүйер болып келе жатқан Бигелді Қасенов - солардың бірі. Ол: «Клубтың атағын қайтару үшін ең алдымен облыс басшылығының қолдауы керек», - дейді.

Бигелді Қасенов «Ақтөбе» ФК жанкүйері:

«Әкімшілік қолдамай отыр. Қолдасын деп сұраймыз. Результат болсын деп, Лига чемпионов ұтсын деп. «Астана» ойнай бермесін қайта-қайта. Алматы «Қайрат» ойнап жүр ғой, Лига Европаға түсіп, қуантып. Қаражат бөлсін, легионерлер келсін, ең бастысы. Өзіміздің жергілікті футболшылар үйренеді соларға қарап».

Ал клубтың директоры Самат Смақовтың айтуынша, жағдай біртіндеп жөнделіп келеді. Команданы қолдауға қосымша қаржы бөлінеді дейді ол. Мәселе күні кеше облыс әкімімен кездесуде көтерілген. Айта кетейік, жалақы дауы 2016 жылдан бері жалғасып келе жатыр.

Самат Смақов, «Ақтөбе» ФК директоры:

2016 жылғы қарызды биыл толығымен өтедік. Оны бюджет қаржысынан емес, клубтың өз ақшасымен жауып отырмыз. Банкорттық туралы сөз жоқ. Қосымша қаражат қарастырылып жатыр. Ол футболшылар мен жаттықтырушыларға былтырғы тамыз бен қараша айлары үшін төленеді. Жыл соңына дейін толық шешеміз деп ойлаймын.

Облыстық спорт басқармасы футболшыларға жалақы биыл уақытылы төленіп жатқанын айтты. Жақында бразилиялық қорғаушы Фабрисио Силва клубтан кеткен еді. Бұған қаржылық қиындықтардың қатысы жоқ деп сендірді.  Ал, жартылай қорғаушы Саша Марьяновичті командада қалдыру үшін келіссөздер жүріп жатқан көрінеді.

Нұрбол Сыдықов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Футбол клубындағы мәселелердің бәрі облыс басшылығының жеке бақылауында. Алдағы уақытта мәселелердің бәрі қолданыстағы заңдарға сәйкес өз шешімін табады деп ойлаймыз. Ақтөбе облысында футболға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл алдағы уақыттағы футбол клубтың әрі қарай жұмысын жалғастыруы, жоғары лигада ойнауының бәрі жалғасады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

ФИФА-ның тәртіптік комитеті маусым басында клубтың футболшы Неко алдындағы қарызына байланысты 6 ұпайын алып тастаған еді. Нәтижесінде қазір «Ақтөбе» командасы ел біріншілігінде соңғы орындардың бірінде келе жатыр. Дегенмен клуб басшылығы сол алты ұпайды қайтаруға да әрекет жасап жатқандарын айтты.

Жақсыбек КЕМАЛ