Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай полицейлері техникалық университеттегі ерлі-зайыптының өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2018
  • 2953

Қостанайда қайғылы жағдай. 36 жастағы ер адам Техникалық университетте жұмыс істейтін әйелін оқу ордасында пышақтаған. Ерлі-зайыптылардың екеуі де сол жерде көз жұмған. Қазір полицейлер жантүршігерлік оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастады. Ал ерлі-зайыптының артында екі бала жетім қалды. Балалар тағдыры не болмақ? Ал суық қаруы бар адам оқу ордасына қалай енген? Заңғар Санай анықтауға тырысты.

Заңғар Санай, тілші:

Жантүршігерлік оқиға кеше техникалық унивеситеттің ғимаратында түс ауа болған. Оқу орнының оқытушысын күйеуі жұмыс орнында 9 жерден пышақтап өлтіріп, өзі сегізінші қабаттан секіріп көз жұмған. Полицейлердің анықтауы бойынша 36 жастағы ер адам темір жол саласында жұмыс істепті. Бұрын-соңды істі болмаған көрінеді.

Ерлі-зайыпты арасында өзара кикілжің болған. Оның арты қайғылы жағдайға әкелген. 

Жансерік Хасанов, "Солтүстік" қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы:

Кикілжің барысында еркек жәбірленушіге бірнеше рет пышақ салған, соның салдарына бірден көз жұмған. Осы қылмыстық әректеніне кейін күйеуі өз өміріне қол салып, сегізінші қабаттан секіріп өлген. Аталған фактілер бірыңғай реестрге тіркелді. Қылмыстық Кодекстің 99 бабы мен 105 баптың 1 бөлімі бойынша с тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Университет басшылығы болса сұқбат беруден бас тартты. Телефон арқылы тілдескенімізде, ішкі тексеріс шараларын қолға алдық деп, қысқа қайырды. Ал ерлі-зайыптының артында екі баласы жетім қалды. Бірі мектеп жасында, екіншісі балабақшаға барады. Олардың тағдырын білім басқармасы шешпек.

Айжан Баймаханова, Қостанай облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Үлкен қызы қаладығы нөмірі 17 орта мектептің оқушысы. Ал кенже баласы балабақшаға барады. Қазіргі кезде балалар Құсмұрын кентіндегі туыстарының үйінде. Қостанай қаласының қорғаншылық пен қамқоршылық функциясын жүзеге асыратын органы ата-анасынан айрылған балаларды отбасыға орналастыру жағын қарастырып жатыр.

Полицейлердің айтуынша, жантүршігерлік оқиғаны көзімен көрген куәгер жоқ. Қазіргі кезде бірнеше сараптама тағайындалған. Ал, оқу ордасына суық қаруымен келген адамды күзетшілер еш күдіксіз кірігізе салған дейді полиция. Өйткені ол бұған дейін әйелінің жұмысына үнемі келіп-кетіп жүріпті.

Дәл осыған ұқсас жағдай мамырдың басында Шымкентте болған еді. Онда да жоғарғы оқу орнына суық қарумен келген күйеуі әйеліне бірнеше жерден пышақ салды деп айыпталған болатын. Күдіктінің экс-прокурор екенін айтқанбыз. Қазір ол қамауда, тергеу амалдары жалғасып жатыр.