Жеткіншектерге арналған жұмыс орындарының сайты ашылсын. Қарағандылық жастардың қалауы осы. Олар әкімдіктен көмек те сұраған. Жазғы демалыста жұмыс істеп қаржы тапқысы келетіндер көп. Алайда кәмелетке толмағандардың қолайлы кәсіп табуы қиын. Жастар ресурстық орталығының мәліметінше,14 жастан бастап еңбекке араласқысы келетіндерді «Жасыл ел» жасағынан басқа мекемелер қабылдай қоймайды.
10 сыныпты тәмамдаған Біржан «Жасыл ел» жасағына ілінгеніне қуанады. Ақшадан таршылық көрмесе де, ата- анасына көмектескеніне риза. 16 жастағы бозбала 1 ай бойы орталық саябақта ағаштарға күтім жасайды. Жалақысы 55 мың теңге. Ақшасын отбасына тапсырмақшы.
«Жұмысқа тұрған себебім ата-анаға көмектесуге және де еңбекке үйренуге, болашақты білу үшін, босқа отырмау үшін, үйде жазда аса қатты жұмыстар істемейсің, бос жатасың, ғаламторда отырасың, ол кішкене ішті пыстырып жібереді».
Алайда «Жасыл ел» жасағына еңбек еткісі келетін жастардың бәрін тарту мүмкін емес. 14 жастан бастап-ақ жұмысқа құлшынып тұратындар аз емес. Бірақ оларды ешкім ала қоймайды. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша биыл 285 жасөспірім жұмысқа қабылданды. Бұл былтырғыдан 20 орынға артық. Жүздеген оқушы бұл бағдарламаға ілінбей қалған. Қалалық әкімдік жұмыс іздеген жеткіншектер үшін 11 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Бұған қоса әр балаға 35 мың теңге қосымша ақша беріледі.
Бақтияр Бекмырзаев, жастар ресурстық орталығының директоры:
«Жастар 55 мың теңге шамасында айлық алады. 6 сағат жұмыс істейді, егер 16-ға толған болса. Биыл негізінен балаларды 14 жастан қабылдауға көп өтініштер түсіп жатыр. Біз 14 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды қабылдай аламыз. Олар 4 сағат жұмыс істейді».
Кәмелетке толмаған жасөспірімдер ағаш отырғызу, арам шөп жұлу, гүл суару секілді абаттандыру шараларына тартылады. Ал Камила мен Әлфия ондай жеңіл жұмыс таппай жүр.
Әлфия Талапханова:
«Жазда көбінесе түнгі, кешкі уақыттарда жұмыстар бар. Ал бізге күндізгі уақытта жұмыс табу қиын. Егер де ондай жұмыстар болып жатса, соған тұрар едім».
Камила Тәйтәйова:
«Мысалға мен бүгін жұмыс іздеуге келдім. Жаз бойы жұмыс істегім келеді. Ата-анамнан ақша сұрамай, өз ақшама өзім зат алып. Оңай жұмыс табу қиын, әрине. Өзің қалаған жұмысты көбінесе таба алмайсың».
Ал 17 жастағы Вера орталық саябақта шар сатады. Бойжеткен бұдан басқа жұмыс таппаған.
Вера Проскурякова:
Жергілікті әкімдік бос жұмыс орындарының сайтын ашуы керек деп ойлаймын. Өйткені қазір жұмыс істегісі келетін жасөспірімдер көп.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, осы жазда 30 мыңнан астам жасөспірімнің бос уақытын тиімді өткізуі жоспарланған. Көбі жазғы лагерлер мен үйірмелерге жіберілген. Ал ақылы жұмысқа тартылған оқушылар мен студенттер саны 3 жүзден аспайды. Бұл көрсеткіштің арту, артпауы облыс пен қала қоржынынан бөлінетін қаражатқа байланысты.
Айжан Қуаш