Астанада үй жануарларына ен салу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта олардың жеке сәйкестендіру саны сияқты дербес номері болады. Оны ветеринарлық қызмет өкілдері орнатады. Биылдан бастап қолға алынған жоба нәтижесінде бір мыңға жуық ит-мысыққа жасырын чип салынды. Оның пайдасы көп дейді мамандар. Төрт аяқты досы жоғалып кеткен жағдайда, иесі осы жасырын код арқылы итін еш қиындықсыз тауып ала алады. Мұнымен қатар иттің құтыру сынды қауіпті ауруға қарсы вакцина алғаны туралы мәлімет ортақ базада болады. Ең бастысы, қаңғыбас иттерді аулайтындардың қолына түскен жағдайда, қожайыны туралы толық ақпаратты, мекенжайы мен телефон номерін табуға мүмкіндік бар.
Медет Қылышбаев, «Астана ветсервис» КМК директорының орынбасары:
Қалада 50 мыңға жуық ит бар. Біз, мүмкін болса, барлық аумақты қамтуды жоспарлап отырмыз. Алдымен жеке секторға басымдық беріледі. Себебі онда ит қабуы, қаңғыбас иттердің қаптауы сияқты проблемалар жиі туындап тұрады. Сондықтан төрт аяқты досына алаңдаған тұрғын бізге келіп өтініш жазып, тегін қызмет алуына болады.
Бұл
ветеринарлық саланы цифрландырудың бір түрі дейді мамандар. Қазір жергілікті
әкімдік 6 мың дана чип сатып алды. Қажет болса, тағы да қосымша тапсырыс
берілмек. Бұл жаңашылдықтың арқасында қожайыны бар ит пен қаңғыбас иттерді
ажыратуға болады. Қаңғыбас итке таланатындардың санын азайтуға өз септігін
тигізеді деген жорамал да бар. Себебі соңғы уақытта қаңғыбас иттен жапа
шегетіндердің саны еш азаймай тұрған көрінеді. Десе де иттерден зәбір көрген нақты
қанша адам екенін ешкім дөп басып айта алмайды.