Русский Сайттың толық нұсқасы

Зейнетақы қорындағы ақша әлі бөлінбеген, «Азия Автоның» жаңа зауыт салу жоспары

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2016
  • 1719

Бірыңғай зейнетақы қорындағы қаржыдан екінші деңгейдегі 35 банктің 30-на ақша беріледі. Бірақ қашан? Әлі белгісіз. «Халық банкінің» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова «Астана» арнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

Үміт Шаяхметова, «Халық банкі» АҚ Басқарма төрайымы:

Банктерге берілетін ақша туралы шешім ақпан айының басында қабылданды. Бірақ қаржыны орналастыру туралы ережемен әлі танысқан жоқпыз. Қашан басталатыны туралы да білмеймін. Әрине, бұл ақша керек. Клиенттерімізге, экономикаға керек. Өтініш өте көп. Алайда өкінішке қарай, әлі түскен жоқ. Наурыздың соңына дейін алмайтын сияқтымыз. 

Зейнетақы қорынан ақша алуға байланысты Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Дмитрий Панкин де айтты.

Айта кетейік, бұл банк еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестер мен экономикалық өсімге ықпалдасу мақсатындаосыдан он жыл бұрын құрылған. Жарғылық капиталының 66 пайызы Ресейге, 33 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сонымен бірге Белоруссия, Армения, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан толыққанды қатысушылары болып табылады. Жарғылық капиталы 7 млрд доллар. 

Дмитрий Панкин, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы:

Біз бұл шешімді дұрыс деп есептейміз. Банктер белсенді түрде қатысуы керек және ақшаны инвестициялауға біздің банк те тартылады деп үміттенеміз. Бізде доллар бар, бірақ қарыз алушы доллармен алғысы жоқ. Сондықтан Астана әуежайын реконструкциялау, Қызылорда облысында газ тарататын желілерді қайта жөндеу сияқты жобаларға зейнетақы қорының қаржысын пайдалануға болады деп есептеймін. 

Дмитрий Панкин «Азия Авто» зауытымен жүріп жатқан келіссөзге де тоқталды. Ресейлік «АвтоВаз» көліктерін құрастыратын зауыт салу туралы. Егер келіссе, жобаға 150 млн доллар құюлары мүмкін. 

Дмитрий Панкин, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы:

Қазақстанның солтүстігінде атомобиль құрастыратын тағы бір зауыт салу туралы «Азия Автоның» жобасы біз үшін қызық. Бірақ бірден мақұлдай сала алмайсың: бір жағынан Қазақстанның экономикасын диверсификациялап жатқаны құптарлық. Сонымен бірге теңге бағамына байланысты саясаттың өзгергені жұмыс күшін арзандатты, басқа да шығындар төмен болмақ. Екінші жағынан, экономикалық тиімділігі анық па? Себебі «АвтоВаздың» өзі толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Бос тұрған цехтар бар. Осындай жағдайда жаңа зауыт салудың қажеті бар ма? Міне, шешімді осылардың бәрін таразылап барып  қабылдау керек.

«Азия Авто» компаниясының бас директоры біздің тілшілерге аталған жобаға өздерінің 55 млн доллар салғанын айтты. Жылына 120 мың көлік құрастыру жоспары бар. Еуразиялық даму банкі ғана емес, Қазақстанның даму банкімен де келіссөздер жүргізіп отыр. Банктерге тәуекелдерді бағамдап беру үшін батыстың компаниялары маркетингтік сараптама жүргізіп жатыр екен. 

Ержан Мәндиев, «Азия авто Қазақстан» АҚ Бас директоры:

Жобаның қазіргі кезеңіне болжам бойынша 400 млн доллар керек. Сонымен бірге Еуропа елдерінен технологиялық қондырғыларды әкелеміз. Екі банк те негізі мақұлдап отыр. Қазір детальді түрде талқылап жатырмыз. Ресейдің «АвтоВазының» өзі толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ- дегенге келсек, циклді дамуға қарамай, нарықтың көлемі артатыны сөзсіз. Біз өнімдерімізді Қазақстан ғана емес, Ресей Федерациясы, Орталық Азия және Моңғолияға сату ниетіміз, тіпті келісімдеріміз бар. Шет мемлекеттерде әріптестерді анықтап, сату орталықтарын ашу жұмысы жүріп жатыр.