Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе билігі қаладағы қоқысты тазалай алмай жатқан мекемелермен келісімді бұзатындарын ескертті

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2018
  • 3036

Ақтөбе билігі қаладағы қоқысты тазалап үлгере алмай жатқан компаниялармен келісімшартты бұзатындарын ескертті. Өйткені олар облыс орталығын тұрмыстық қалдықтардан тазалап үлгере алмай отыр. Бұл жайында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандары айтты. 2 айдан бері шешілмей келе жатқан мәселеге облыс басшысы да араласты. Мәселе неден туындап отыр? Тілшіміз Жақсыбек Кемал анықтап көрді. 

Ақтөбеде қоқыс мәселесі екі айдан бері шешімін таппай келеді. Қазір қаланың ескі бөлігіне қызмет көрсететін номері бірінші және бесінші компаниялардың жұмысына айтылып жатқан сын көп. Мәселен, мына Жанқожа батыр көшесіндегі мына қоқыс алаңының тазартылмағанына 2 аптадан асқан.

Ұлболсын Ақтөбе, қаласының тұрғыны:

Үш жетіден бері алмайды. Алдында бір жетіде алып жүр еді. Ал мынау үш жеті алмай жатыр. Енді не істейміз? Далаға да шыға алмаймыз, терезені де аша алмайды. Қазір шіріп жатыр. Құрттайды скоро...

Мамыр айының басында қаладағы қоқысты шығаруға 10 мекеме жұмылдырылған. Жергілікті биліктің айтуынша, оның екеуі жұмысын атқара алмай отыр. Міндетін орындай алмай келе жатқан екі мекемеге де ескерту берілген. Олар ай соңына дейін жағдайды толық түзеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда бұл компаниялармен келісім бұзылмақ. 

Жанболат Қосмұхамбетов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

Бұл мекемелер қоқыс шығаруды кешіктіріп жатыр. Салдарынан қатты қалдықтар аумақтарда үйіліп қалып жатыр. Егер жағдайды түземесе, олармен арадағы келісім-шарттың күшін жоямыз.

Мәселенің шешілмей келе жатқаны өңір басшысын да ашуландырды. Ол бұған қала билігін кінәлады. Шаһар әкімінің 4 бірдей орынбасары бар екенін еске салды.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Жағдайды түзеп, бұл мәселеге нүкте қою керек! Шынымды айтсам, аймақ басшысы ретінде тұрғындар алдында маған ұят. Әлеуметтік желілерге жазып  жатыр. Қазір әр таң сайын қай жерде қоқыс бар деп қарап жүретін болдым. Енді маған қоқыспен айналысу керек пе? Әлде облыс экономикасымен бе?

Міндетін орындай алмай отырған екі компания да бізбен кездесуден бас тартты. Нөмірі бірінші басқарушы компания өкілдері отырған мекемеге де барған едік. Олар жағдайды түсіндіруден бас тартты. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, күніне Ақтөбе қаласынан 900 тонна қоқыс шығарылады екен. Қатты қалдықтар шығарумен айналысып, міндеттерін орындап келе жатқан «Нұр Ком» серіктестігінің директоры мәселеге бір жақты қарауға болмайтынын айтты. Өйткені тұрғындар қоқысқа төлем жасауға асықпайтын көрінеді. Ал қаладағы тариф құны әр адамға 105 теңгеден. 

Олжас Телин, «Нұр ком 2020» ЖШС директоры:

Бізде 30, 40 мыңға жақын. Барлығы уақытылы төлеп отырған жоқ. 30 проценті төлеп отыр. 100 процент төлеу керек, ол жетпейді. Тариф жетпейді. Тариф көтеру керек.  Бір ай ғой. Үлгеріп жатырмыз. 4 мусоровоз, 2 самосвал, екі трактор, адамдар 20, 25 адам, механик бәрін қосқанда.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Дегенмен міндетін орындай алмаған компаниялар мәселені екі күнде шешуі тиіс. Егер еш нәрсе өзгермесе, 2 мекемеде жұмысын тоқтатады. Демек, олардың орнына жаңа мекемелер келгенше қоқыс тағы да тау болып үйіліп қалуы ғажап емес. 

Жақсыбек КЕМАЛ