Русский Сайттың толық нұсқасы

Жұмыстан қуылған Алматы қаласының прокуроры Ғ. Миразов түрмедегі Т.Ермегияевпен тығыз байланыста болған - Бектенов

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2018
  • 3775

Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразов бюджет қаражатын жымқырды деп сотталған экс-шенеунік Талғат Ермегияевпен заңсыз тығыз байланыста болғаны үшін қызметінен қуылды. Мұны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді. Бұған дейін прокуратура өкілдері әріптестерінің қай жерде шалыс басқанын ашық айтудан бас тартқан болатын. Ал, оның бұдан былай салада қызмет ету-етпеуі әлі қаралады деген еді.

Олжас Бектенов, ҚР МҚІСЖ қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

"Астана ЭКСПО-2017" ҰК- ның бұрынғы басқарма төрағасы Ермегияевқа қатысты жемқорлыққа қарсы қызмет тиісті органға өтініш жолдаған. Соның нәтижесінде Бас прокурор шешімімен Алматы қаласының прокуроры Миразов жұмыстан қуылды. Ол мемлекеттік билік пен прокуратура органдарының талабын бұзып, сотталған Ермегияевпен қарым-қатынаста болған. Сотталушыға берілген қамау ережесін біле тұра, кәсіби қызметін дұрыс орындамаған. 

Жыл басынан бері 278 мемлекеттік қызметкерге қатаң сөгіс жарияланып, 48-і қызметінен қуылған. Оның ішінде Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы да бар. Ол 1 миллион 600 мың теңге пара алды деген күдікке іліккен. Агенттік қызметкерлерінің мәліметінше, былтыр ақпанда әуел баста келісілген 35 мың АҚШ долларының қалған 30 мыңын жазаны жеңілдету үшін алған көрінеді. Яғни осы ақшаға айыпкерді бас бостандығынан айырмай, оған, керісінше,  жеңіл үкім шығарып берген деген күдік бар. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.