Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен кездесті

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2016
  • 1366

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен кездесті. Әңгіме барысында Қазақстан мен қордың ынтымақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ әлемдік қаржы-экономика жүйесінің дамуындағы маңызды трендтер талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Халықаралық валюта қорымен ынтымақтасып келе жатқанын айтты. «Қор қызметкерлері алғашқы жылдары техникалық және қаржылық тұрғыдан зор көмек көрсетті. Бұрынғы кеңестік өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына дейін көп нәрсені жүзеге асыра алды», - деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі кезде Қазақстан экономикасы да әлемдік экономика сияқты күрделі кезеңді бастан өткеруде. Бұған бірқатар факторлар, соның ішінде шикізат ресурстары бағасының төмендеуі, қазір біз жүзеге асырып жатқан құрылымдық реформалардың кешіктірілуі, сондай-ақ Ресейге қатысты ахуал мен Қытайдағы экономикалық жағдай ықпал етіп отыр. Соған қарамастан, біз ІЖӨ төмендеуіне жол бермей, оң динамиканы қамтамасыз еттік. Және оны биыл да сақтаймыз деген үміттемін. Біздің республика алты жылдан бері экономиканың шикізат ресурстарына тәуелділігін азайту шараларын жүзеге асырып жатыр.

Бес жылдан бері Халықаралық валюта қорын басқаратын Кристин Лагард ертең басталатын Астана экономикалық форумына қатысуға келген. Кристин ханым әлемдегі ең ықпалды адамдардың қатарына кіреді. Ол премьер-министрдің қатысуымен өткен жиында елдегі жер реформасына қатысты өз пікірімен де бөлісті.

Кристин Лагард, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры:

Реформаларды жүзеге асыру - қашан да күрделі іс. Және кез келген жағдайда тараптар бұл реформалардың мақсатын түсінуі тиіс. Біз бүгін негізінен осы жәйттерді талқыладық, ресми органдар мен халық арасында диалогтың болғаны да аса маңызды деп білемін.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ