Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастауға тұрғындар, қоқысты өңдеуге билік қашан дайын болады?

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2018
  • 11560

Ақтөбе қаласының қоқысқа көміліп отырғаны. Бұл проблемаға бірнеше ай болды. Біз бір айдай бұрын соңғы жасаған материалда шенеуніктер «енді кішкене қалды, бәрі реттеледі» деген. Реттелмепті. Облыс әкімі: «Шынымды айтсам, аймақ басшысы ретінде тұрғындар алдында маған ұят. Әлеуметтік желілерге жазып  жатыр. Қазір әр таң сайын қай жерде қоқыс бар деп қарап жүретін болдым. Енді маған қоқыспен айналысу керек пе? Әлде облыс экономикасымен бе?», -депті қаланың басшыларына... Ал Астана әкімдігінің хабарлауынша, қала тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастау тәртібіне көшеді. Жыл соңына дейін түрлі-түсті контейнерлердің 6 мыңға жуығы қойылмақ. Мысалы, сары түсті контейнерлерге пластик, шыны, қағаз, ал жасыл түсті жәшіктерге азық-түлік қалдықтары тасталуы керек. Бірден ойлағаным - қоқыс контейнерлеріне апаруға ерініп, подъездерге пакет тастап кететін біздің адамдар оны сорттап тастай ма екен? Өйтпегендерге айыппұл салына ма? Диана Сапарқызының материалы.  

Диана Сапарқызы, тілші:

Астанадан күн сайын мың тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Оның тек 10 пайызы қайта өңделеді. Ал енді мынадай, түрлі-түсті контейнерлердің арқасында қалдықтарды қайта өңдеу көлемі 45 пайызға артады дейді, шенеуніктер. Әзіргебұл пилоттықжоба. Оған 1 млрд 700 млн теңгебөлінген.Жыл соңына дейін Астанада бұндай контейнерлердің 6 мыңға жуығы қойылады. Тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастау идеясы дұрыс-ақ. Алайда қоқысты сұрыптау тәртібіне астаналықтар қаншалықты дайын?

- Амансыз ба?! Қоқысты сұрыптау тәртібіне қалай қарайсыз? Үйреніп қалдыңыз ба?

- Үйреніп келе жатырмыз, міне. Бұрын біз бір-ақ пакетке салып, әкелуші едік. Қазір 2-3 пакет болып тұр. Өйткені экологияны, тазалықты жақсы көреміз. Сондықтан сұрыптап, әкеліп тұрмын. Әрбір тұрғын жауапкершілікті мойынына алып үйден сұрыптап әкелсе, сонда біздің экология тазарар еді деп ойлаймын. Қиын емес.

- Ал мынадай жасыл контейнерге жарамсыз азық-түлік пен жағымсыз исі бар қалдықтар салынады. Қалай ойлайсыз, тамақ қалдықтарына арнайы контейнер керек сияқты?

- Иә, әрине, тамақтың пайдаланған дәретхана қағаздарымен және басқа да жағымсыз иісі бар заттармен болғаны жарамас. Ол тамақ қой. Обал болады. Сондықтан жеке контейнер болса, орынды болушы еді.

Жомарт Рақымжан, «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС баспасөз хатшысы:

Сары контейнерлерге не салынады деген сұраққа келетін болсақ, бұған өнделуге жататын шикізаттар, яғни пластик, шыны, қағаз қайта өндеуге келетін тұрмыстық қалдықтардың барлығын соған саламыз.

Қоқыс сары жәшікке түскеннен кейін қоқысты қайта өндеу зауытына жөнелтеді.  Ал мынау - Астанадағы қалдық өңдейтін жалғыз зауыт. Мұнда әзірге қағаз бен пластикті өндейтін 2 цех ғана бар.

Айнұр Солтанғұлова, Астана қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Бұл жобаның арқасында қоқыс полигонына түсетін қалдық көлемін азайтамыз. Сондай-ақ, еліміздегі қайта өңдеу саласы дамиды. Елордада қалдықтарды сұрыптап тастау насихаты қарқынды жүргізілмек.

Әкімдіктің хабарлауынша, сұрыптау тәртібін бұзғандарға қандай да бір айыппұл салу қарастырылмаған. Тек, қоқысты қоғамдық жерде лақтырғандарғаәкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 505 бабы бойынша, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, жауапкершілкке тартылады. Ал, Швейцарияда қоқысты дұрыс  сұрыптамағаны үшін 200 франк көлемінде айыппұл салынады. Ұлыбриатанияда 1000 фунт төлейді. Сингапур көшелерінде түкіруге, сағыз тастауға қатаң тыйым қойылған. Осы әрекеттердің әрқайсысы үшін 1000  доллар айыппұл салынады. Ал егер қайталасаңыз, тіпті түрмеге жауап тастайды. Тәртіп күшті болғандықтан, Сингапур әлем бойынша тазалықтың үлгісі саналады.

Елге қайта оралатын болсақ, күні кеше Ақтөбе билігі қаладағы қоқысты тазалап үлгере алмай жатқан компаниялармен келісім-шартты бұзатындарын ескертті. Бұл проблеманың шыққанына бірнеше ай болған. Тұрмыстық қалдық шығаратын 10 компания нарыққа мамыр айында кірген. Билік сол кезде "мәселе бірер аптада шешіледі" деген. Шешілмеді. Қалдықтар әлі үйіліп жатыр.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Жағдайды түзеп, бұл мәселеге нүкте қою керек! Шынымды айтсам, аймақ басшысы ретінде тұрғындар алдында маған ұят. Әлеуметтік желілерге жазып  жатыр. Қазір әр таң сайын қай жерде қоқыс бар деп қарап жүретін болдым. Енді маған қоқыспен айналысу керек пе? Әлде облыс экономикасымен бе?

Ақтөбедегі жағдай қала атқамінерлерінің өз міндетін дұрыс атқара алмай отырғанын көрсетеді. Дегенмен міндетін мойындамайтын тұрғындар да жетеді.

Диана Сапарқызы, тілші:

Қоқысты сұрыптау түгілі, оны қоқыс жәшіктеріне апарып тастауға ерінетіндер бар. Ал мысалы, мына тұрғын үйден қоқыс контейнерлері 12 -ақ қадам жерде. Енді пакеттегі қоқысты сұрыптап көрейік. Көріп тұрғандарыңыздай, пакетте пластик, шыны, қағаз және азық түлік қалдықтары бар. Енді әр контейнерге саралап саламыз. Ешқандай қиын емес...

Қоқысты сұрыптап тастау, оны барынша толығымен өңдеу мемлекеттің деңгейін көрсететін бір өлшем. Солай болуы үшін алдымен санадағы "қоқыстардан" да арылу керек...

Диана Сапарқызы "Біздің уақыт".