Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл нәрестелердің жөргекақысына 275 миллиард теңге бөлінді

  • AstanaTV
  • 29 маусым 2018
  • 2101

Биыл нәрестелердің жөргекақысына 275 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырғыдан 12 пайызға көп. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі халыққа есеп берді. 1-ші шілдеден бастап енгізілетін жаңа зейнетақы жүйесіне 386 млрд теңге қарастырылған. Кездесуде қозғалған мәселелерді Диана Сапарқызы баяндайды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова халыққа есебін жаңадан енгізіліп жатқан зейнетақы жүйесінен бастады. 1-ші шілдеден бастап зейнеткерлер жаңа жүйемен зейнетақы алады. Төлем еңбек өтіліне байланысты.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Жаңа зейнетақы жүйесін енгізу кезінде ең бастысы, зейнеткерлерде қандай да бір құжат талап етілген жоқ. Министрлік тарапынан зейнетақыны қайта есептеудегі барлық дайындықтар аяқталды. 

Зейнетақының жаңа жүйесіне сай, 2 миллионнан астам зейнеткердің зейнетақысы қайта есептелген. Оның ішінде 1 млн-ға жуық адам жоғарғы мөлшерде зейнетақы алатын болады. Ал  930 мың адам үшін зейнетақы мөлшері 37 пайыздан 81 пайызға дейін өспек.

Сондай -ақ, министр жыл сайын шетелден 20 мыңнан астам қандасымыз оралатын айтты. Олар үшін елде әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетілмек. Жұмыс та қарастырылады. Дегенмен елдің ішінде 85 мың адам жұмыс іздеп жүр екен. Шетелден екі қолға бір күрек іздеген жерлестер министрге кеден мен құжаттық қиындықтарға тап болғандарын айтты.

Қазақстан азаматтары Корея республикасына барып, жұмыс істеу қиын болып отыр. Корея мен Қазақстан арасында еңбек тоқтам шарты жоқ. Біздің азаматардың емін-еркін тоқтап жұмыс істеуіне сыртқы істер және ішкі істер министрлігі бірлесе жұмыс жасап солардың жағдайын шешіп беруге болмай ма?!

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Бірқатар елдермен екі ел арасында еңбек шарттарға қол қойдық. Бірақ та дұрыс айтасыз, бірқатар елдермен әлі ондай шарттар жоқ. Бұл жұмысты біз жасап жатырмыз. Сіздің сұрағыңыз бойынша сізге толық түрде жауап береміз.

Диана Сапарқызы,  тілші:

Министр тағы бір жаңашылдықты хабарлады. 1 шілдеден бастап 1-ші топтағы ересек мүгедектерді күтушілерге 30 мың теңге жалақы қойылатын мәлімдеді. Ал балалардың жөргекақысына биыл барлығы 275 миллиард теңге бөлінбек.